2030 жылға дейінгі еңбек нарығы: Қазақстанда қандай мамандар сұранысқа ие болады
Осы кезеңде еңбек нарығына жыл сайын 225-256 мың маман қажет болады.
Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 8 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында 2030 жылға дейінгі еңбек нарығына қатысты болжамды таныстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстан халқы 10%-ға өсіп, 21,6 миллион адамға жетеді. Ал 15-28 жас аралығындағы жастар саны 29%-ға артып, 4,6 миллион адамды құрайды.
Колледж жасындағы жастар саны 34%-ға артады
Сүлейменованың мәліметінше, колледждерде білім алатын 15-18 жас аралығындағы жастар саны 34%-ға көбейіп, 1,1 миллионнан 1,5 миллион адамға дейін өседі.
Осы кезеңде еңбек нарығына жыл сайын 225-256 мың маман қажет болады.
«15-18 жас аралығындағы, колледждерде оқитын жастар саны 34%-ға – 1,1 миллионнан 1,5 миллион адамға дейін артады. Осы кезеңде еңбек нарығының жыл сайынғы қажеттілігі 225-256 мың адамды құрайды», – деді министр.
Министрдің айтуынша, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың 70%-дан астамы техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесіне тиесілі.
Жұмыс берушілер қандай дағдыларды бағалайды?
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бүгінде жұмыс берушілер кәсіби біліммен қатар төмендегі дағдыларға ерекше мән береді:
- коммуникабельдік;
- сыни ойлау қабілеті;
- өзгерістерге бейімделу;
- цифрлық сауаттылық.
«Бүгінде жұмыс берушілер кәсіби біліммен қатар коммуникабельдікке, сыни ойлауға, бейімделу қабілетіне және цифрлық сауаттылыққа ерекше көңіл бөледі», – деді министр.