Бір мұғалім 4 мың парақ жұмсайды: Министр БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартудың себебін түсіндірді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бастауыш сынып бағдарламасынан БЖБ мен ТЖБ секілді екі бағалау жүйесі не үшін алынып тасталатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“4 мың ақ парақ жұмсалады”
Министрдің сөзінше, бастауыш сынып ұстазы бір жылда БЖБ мен ТЖБ-ны өткізу үшін 4000-ға жуық ақ парақ жұмсайды.
“Ол ақ қағаздағы ақпаратты тексеруге кететін уақыт шамамен 112 сағат. Біз бүгінде балалар өзі қолмен жазатын, олардың когнивитивті дамуын күшейтіп, содан бөлек, диктант немесе математикадан өз дәптеріне жазатын бақылау түрлерін қарастырамыз, – деді Сүлейменова.
Оның айтуынша, ұстаздар арасында СОР немесе СОЧ аталатын жиынтық бағалау жүйесі секілді тоқсандық бағалау жүйесін алып тастау туралы жұмыс басталғанын алға тартты.
Бұйрыққа өзгеріс енгізіліп жатыр
Бүгінде Оқу-ағарту министрі 125-бұйрыққа сәйкес өзгерістер енгізіп жатқан көрінеді.
“Бұл туралы кеңірек атап өткіміз келеді. Балаларымыз үшін қолайлы, ұстаздар үшін өте тиімді және білім сапасын арттыруға арналған бағалау жүйесін енгізуді қарастырып жатырмыз. Бұл не береді? Бұл балаларымызға фунционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік туғызады. Осы себепті өткен аптада Астана қаласында елдегі барлық бастауыш сынып ұстаздарын жинап, түрлі сұрақты талқыладық. Бастауыш сынып ұстаздары бүгінде БЖБ және ТЖБ-ны алып тастауға байланысты министрлік ұсынысын құптайтындарын айтты, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазақстанда бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатқанын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін де айтқан еді. Министрдің айтуынша, бастауыш мектепте басты мақсат – баланы баланы күйзеліске түсіріп бағалау емес, оның оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру.