$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
TOP-1Сараптама

«Яндекссіз» күндер: Қазақстанның цифрлық егемендігі соншалық осал ма

Өз «Яндексіміз» неге жоқ: қаржы жетпей ме, әлде жүйе қалыптаспады ма

2026 жылы 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс Go» такси шақыру және жеткізу сервистері істен шығып, жұрт әбігерге түсті. Себеп – Ресейдегі деректер орталығына Украина дрондары зақым келтірген. Бұл оқиға «Яндекстің орнын басатын өз палтформамыз неге жоқ» деген жауыр болған әңгімені қайта жарыққа шығарды. Ал Tizgin.kz бұл мақалада “Қазақстанның цифрлық егемендігі соншалық осал ма?” деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Салаға жауапты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ел азаматтарының дербес деректері Қазақстан аумағындағы серверлерде сақтаулы тұрғанын мәлімдеп, халыққа басу айтқандай болды. Ведомствоның ол мәліметі шын болғанның өзінде қазақстандықтардың алаңдауында негіз жоқ деп айтуға келмейді. Украина жеріндегі соғыстың бір дүмпуі бірнеше сағаттың ішінде Астана, Алматы сияқты қалаларда такси бағасын еселеп өсіріп жіберді.

Үкімет цифрлық технологияларды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларын, стратегиялық құжаттарды дүркін-дүркін қабылдағаны есімізде. Ол құжаттардың бәрі елде ғарыштық байланыс жүйесін, жерді қашықтан зондтайтын спутниктер жұмысын, деректер орталықтарын дамытуға да бағытталған. Осы мақсаттарға деп миллиардтаған қаражат та жұмсалды. Сол қыруар ақшаның бір бөлігі неге цифрлық сервистерді сыртқы фактордан тәуелсіз ететін жүйе құрауға жетпеді? Яндекс кейсі осындай сұрақты негізді етіп тұр.

«Яндекс» Қазақстан нарығында қандай орын алады

«Яндекс» Қазақстанда тек такси шақыруға арналған қосымша емес. Оның экожүйесіне карталар, навигация, іздеу, жеткізу және басқа да сервистер кіреді. Олардың бір-бірімен байланысы пайдаланушыға ыңғайлы болғанымен, жаңа ойыншылардың нарыққа кіруін қиындатады. Яндекске бәсекелес болғысы келген отандық стартаптар бір ғана қосымша емес, өзара байланысқан бірнеше технологиялық жүйенің басын қосатын экожүйе ұсына алу керек.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2023 жылы жариялаған мәліметіне сүйенсек, «Яндекс Таксидің» Алматыдағы үлесі 2020 жылы 83,78%, 2021 жылы 84,34% болған. Астанада бұл көрсеткіш тиісінше 60,7% және 67,3% болған.

2025 жылы наурызда осы агенттік төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Алматы мен Астанада компания такси нарығының 90 пайызына жуығын бақылайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Яндекс» әр сапар құнының 16 пайызын комиссия ретінде алады, оған таксопарктің шамамен 4 пайызы қосылады. Осылайша, екі қалада жиынтық алым 20 пайызға дейін жетеді. Сәмбетов Өзбекстанда комиссия 13 пайыз екенін де атап өтті. Кейін осы мәселеге байланысты аудит жүріп, оның қорытындысы бойынша «Яндекс» комисися мөлешірн қайта қарайтыны айтылғанмен, нақты сандар ресми жарияланбады.

«Яндекс» сервисінің бәсекедегі басты артықшылығы – жүргізушілерге де, жолаушыларға да сапалы карта мен маршрут жүйесін ұсынып, сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіретін алгоритм қолданатынында, тапсырысты жылдам орындайтыны және бар.

Жаңа отандық платформа іске қосылған күннің өзінде оған жүргізуші мен жолаушы, тапсырыс беруші мен орындаушы жинау оңай емес. Жолаушы көлік тез табылатын сервисті таңдайды, ал жүргізуші тапсырыс көп түсетін қосымшада жұмыс істегісі келеді. Осылайша, нарықта әбден орныққан Яндекспен иық тірестіріп жұмыс істеу қиын.

Өз «Яндексіміз» неге жоқ

Бұл сұраққа 2022 жылы сол кездегі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жауап берген. Ол тек Қазақстанға арналған «Яндекс» баламасын жасау экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, оған миллиардтаған доллар қажет болатынын айтқан. Министрдің пікірінше, мұндай жоба халықаралық деңгейге шығуға ұмтылу керек, ал оған қажетті қаржыны мемлекеттен емес, венчурлық инвесторлардан тартқан жөн. Ол мысал ретінде Қытайдың DiDi сервисін атаған: компания Қазақстан нарығына кіргенімен, «Яндекспен» бәсекелесе алмағанын айтқан.

Бағдат Мусин/Үкімет

Қытайлық DiDi 2021 жылдың 30 маусымында Нью-Йорк қор биржасына шықты. Компания IPO кезінде шамамен 4,3 млрд доллар таза қаражат тартқан. Алайда бірнеше күн өткенде Қытайдың киберкеңістік реттеушісі компанияға қатысты тексеру бастаған. Жаңа пайдаланушыларды тіркеу тоқтатылып, DiDi-дің бірқатар қосымшасы Қытайдағы қолданбалар дүкендерінен алынды.

Reuters агенттігі 2022 жылдың шілдесінде Қытай реттеушісі DiDi-ге деректер қауіпсіздігі туралы заңдарды бұзғаны үшін 1,2 млрд доллар көлемінде айыппұл салғанын жазды. Компания сол жылы Нью-Йорк биржасынан шығып тынды. Халықаралық басылымдар IPO мен Қытай билігінің реттеушілік қысымы туралы сараптамалар жазып жатты. Демек, DiDi мысалы Қазақстанда Яндекспен бәсекелесіп жұмыс істеу экономикалық тұрғыдан мүмкін емес деген теорияға дәлел бола алмайды.

MyTaxi кейсі

Мусин айтқандай, жеке капиталды осындай жобаға тартудың мысалы да бар. Ерлан Имбергенов MyTaxi жобасын құрған кезде икемділігі Kaspi деңгейінде болатындай отандық платформаны қолға алғанын мәлімдеген. Краундфандинг арқылы инвестор тартқан жоба былтыр мамыр айында инвесторларына дивиденд төлеуді тоқатып, ақыры дауға ұласты. Ашық деректерде оның қазақстандықтардан 4 млрд теңге тартып, ол қаражатты мақсатына сай жұмсамағаны айтылады.

KazSat пен KazEOSat бар. Ұлттық карта неге жоқ

Бағдат Мусин «Яндекстің» бәсекелік артықшылықтарының бірі ретінде картасының сапасын да атаған. Бұл да назар аударуға тұратын мәселе. Такси платформасына жолдарды картадан көрсету жеткіліксіз: мекенжайды дәл анықтау, ғимараттың кіреберісін табу, жолдағы өзгерістерді көрсету, кептелісті есептеу және маршрутты жаңарту қажет.

Қазақстанда ғарыш инфрақұрылымы бар деп есептеледі. KazSat спутниктері байланыс пен деректерді жеткізуге арналған. Ал KazEOSat-1 және KazEOSat-2 жерді қашықтан зондтау арқылы спутниктік суреттер алуға мүмкіндік береді. Бірақ спутниктік сурет дайын навигациялық карта бола алмайды. Оны өңдеу, жолдардың сызбасы мен мекенжайлар базасын құрастыру, ақпаратты үнемі жаңартып отыру және пайдаланушыға арналған бағдарлама етіп жасау қажет.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының 2023-2032 жылдарға арналған даму жоспарында KazEOSat-1 мен KazEOSat-2 спутниктерінің бастапқы белсенді пайдалану мерзімі 2021 жылы аяқталғаны, техникалық жағдайына байланысты мерзімінің 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылғаны жазылған. Құжатта оларды алмастыратын жаңа спутниктерді әзірлеу қажеттігі де көрсетілген.

Осы жерден нақты сұрақ туындайды. Қазақстан спутниктік түсірілім мен картографиялық деректер алуға инвестиция салды. Бірақ сол әлеуеттің негізінде азаматтар күнделікті қолданатын бәсекеге қабілетті ұлттық карта мен навигациялық өнім жасау міндеті қай мемлекеттік органға жүктелген? Оның нәтижесі қандай көрсеткіштермен бағаланған?

Қолдағы деректер бұл сұраққа толық жауап бермейді. Спутниктердің болуы өздігінен «Яндекс.Карталар» деңгейіндегі сервис қалыптастырмайды. Ол үшін деректердің толықтығы, жаңарту жиілігі, мекенжай базасының сапасы, кәсіпкерлердің деректерге қол жеткізе алуы, пайдаланушылардың кері байланысы қажет. Сондықтан мемлекеттік инвестицияны спутниктің техникалық мүмкіндігімен ғана емес, сол инфрақұрылым негізінде жасалған цифрлық өнімдермен де бағалау керек.

ЕАЭО «Яндекстің» монополиясын шектеуге кедергі ме

Қазақстанның ұлттық платформасын дамытудағы тағы бір мәселе – құқықтық орта. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 75-бабы мүше мемлекеттерден бәсекелестік заңнамасын нарық ойыншыларына олардың тіркелген жеріне қарамастан тең қолдануды талап етеді. Сондай-ақ бәсекені шектейтін мемлекеттік келісімдер мен шартта көзделмеген мемлекеттік артықшылықтарға шектеу қойылған.

Бұл Қазақстан «Яндекс» Ресей компаниясы болғаны үшін ғана оның қызметін шектеп, отандық бәсекелесіне негізсіз артықшылық бере алмайды деген сөз. Бірақ ЕАЭО отандық цифрлық өнімдерді дамытуға түбегейлі тыйым салмайды. Мемлекет ғылыми-зерттеу мен әзірлемеге қолдау көрсетуге, маман даярлауға, ашық геодеректерді дамытуға және стартаптарға ортақ ережелермен грант бөлуге құқылы.

Серверді Қазақстанға көшіру жеткілікті ме

«Яндекс» серверлерін Қазақстанға орналастырудың арқасныда дербес деректерді қауіпсіз жерде сақтап отырғанын ЖИ министрлігі ресми мәлімдеді. Бірақ сервердің ел ішінде орналасуы компанияның бағдарламалық кодына, алгоритмдеріне немесе технологиялық шешімдеріне Қазақстан иелік етеді деген сөз емес.

Сондықтан «Яндекстің» барлық серверін Қазақстанға көшіру туралы ұсыныстар да соғыс бетін ашып көрсеткен мәселені жоя алмайды.

eGov пен Сбер оқиғасы: цифрлық инфрақұрылым кімнің бақылауында

Қазақстанның мемлекеттік цифрлық жүйелерін шетелдік технологияға байлау мәселесі бұрын да көтерілген. 2021 жылы Үкімет Сбер компаниялар тобымен мемлекеттік басқаруды цифрландыру және платформалық модельге көшу жөнінде меморандумға қол қойды. Құжатта GovTech платформасын Сбердің Platform V шешімі негізінде енгізу, мемлекеттік органдар мен мемлекет қатысатын ұйымдардың жүйелерін осы платформаға көшіру және лицензия мен техникалық қолдау шарттарын ұзақ мерзімге бекіту қарастырылған.

IT қауымдастықтар мен бизнес өкілдері бастамаға қарсы шықты. Кейін пайданемия басталды да, жоба аяқсыз қалды. Бүгінгі «Яндекс» кейсі сол бір бастаманың елдің цифрлық егемендігі үшін қаншалықты қауіпті болғанын тағы бір еске салып кетті.

Back to top button