Швейцариядан Қазақстанға тұрақты рейстер ашылуы мүмкін
Екі ел аптасына 28 жолаушылар рейсін орындауға келісті. Бұдан бөлек, тараптар әуе қатынасын әрі қарай дамытуды талқылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрлік мәліметі
Елордада Қазақстан Республикасы және Швейцария Конфедерациясының авиациялық биліктері арасында келіссөздер өтті. Әуе рейстері ашылуы мүмкін деген мәліметті Көлік министрлігі бөлісті.
Қазақстандық делегацияны ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарды. Екі жақ келіссөздеріне Air Astana, SCAT, Базель қаласы әуежайының басшылары, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері қатысқанын айта кеткен орынды.
Келіссөздер түйіні
Жиын барысында тараптар тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын және жаңа бағыттарды ашу жағын талқылады.
Келіссөздер қорытындысында қос мемлекеттің авиациялық биліктері Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат тағайындалған әуе компанияларға аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындау құқығын береді. Сонымен қатар жүк тасымалдарын рейс жиілігі мен сыйымдылығына шектеусіз орындаудың құқықтық негізі қалыптастырылды, – делінген хабарламада.
Меморандумнан кейінгі жаңалық
Тараптар сондай-ақ кейін қол қою мақсатында Әуе қатынасы туралы келісім жобасы мәтінін келісіп, парафирледі. Аталған келісім Қазақстан мен Швейцария арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту үшін жаңартылған құқықтық негіз қалыптастыратын көрінеді.
Швейцария жағы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын атап өтіп, қазір Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.