$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Ресейдегі дума сайлауында билік партиясы басым дауыспен жеңіске жетті

Ресей мемлекеттік думасының тоғызыншы шақырылымына депутаттар сайлауында «Единая Россия» партиясы көш бастап тұр. Хаттамалардың 82,19%-ы өңделгеннен кейін билік партиясы 57,76% дауыс жинаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қай партия қанша дауыс жинады

Ресей орталық сайлау комиссиясы бұл деректерді 21 қыркүйекке қараған түні жариялаған. Дауыс санаудың осы кезеңінде екінші орында Ресей Федерациясының коммунистік партиясы (КПРФ) тұр. Оған сайлаушылардың 13,89%-ы дауыс берген. Одан кейін Ресейдің либерал-демократиялық партиясы (ЛДПР) – 8,77%, «Новые люди» – 7,97% және «Справедливая Россия» – 4,99% көрсеткішпен келеді. Дауыс санау жалғасып жатыр.

Алдын ала деректерге қарағанда, «Справедливая Россия» партиялық тізім бойынша Мемдумаға өтуге қажетті бес пайыздық межеге әзірге жетпеген. Алайда түпкілікті нәтиже барлық дауыс саналғаннан кейін белгілі болады.

2021 жылы мемдума сайлауында «Единая Россия» 49,82% дауыс жинаған еді.

Билік партиясы басымдығын сақтап қалуы мүмкін

DW мәліметінше, «Единая Россия» кандидаттары 225 бірмандатты округтің 208-інде де алда келеді. Бұл көрсеткіштер партияның мемдумадағы конституциялық көпшілігін сақтап қалуы мүмкін екенін аңғартады. Дегенмен депутаттық орындардың түпкілікті бөлінісі әзірге анықталған жоқ.

Үш күнге созылған дауыс беру Ресей оккупациялаған Украина аумақтарында да өткен. Соғысқа қарсы ұстаным білдірген жалғыз ірі партия – «Яблоко» сайлаудан шеттетілген.

Еуропа одағы Ресейдегі парламент сайлауын сынап, оның «қойылым сипатын» және оппозицияға қарсы қуғын-сүргінді атап өтті.

Back to top button