Қазақстандықтар шырыннан гөрі газдалған сусынды көп іше бастады
Қазақстанда жеміс шырындарын тұтыну екінші жыл қатарынан азайып келеді. Соған қарамастан өнім бағасы қымбаттап, отандық өндіріс пен импорт көлемі қысқарған, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Energyprom.kz деректеріне сүйеніп.
Жұ шырынды аз тұтына бастаған
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздің әр тұрғыны орта есеппен 5,25 литр газдалған сусын және 3,41 литр жеміс шырынын тұтынған. Яғни газдалған сусындарды тұтыну көлемі шырынға қарағанда шамамен 1,5 есе жоғары.
Салыстырсақ, 2025 жылы бір адамға шаққандағы шырын тұтыну көлемі 3,6 литр болса, 2024 жылы 3,82 литр болған. Осылайша, көрсеткіш екінші жыл қатарынан төмендеп отыр.
Шырын өндірісі неге азайды
Биылғы қаңтар–тамыз айларында қазақстандық кәсіпорындар 45,4 млн литр жеміс және көкөніс шырынын өндірген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9,4%-ға аз.
Өндіріс көлемі шырын түрлеріне қарай әркелкі өзгерген. Мәселен, апельсин шырынының өндірісі 17,4%-ға өсіп, 21,6 млн литрге жетсе, алма шырыны 23,8%-ға, жеміс қоспалары 19,2%-ға, көкөніс шырындары 30,2%-ға қысқарған.
Сыртқы сауда көрсеткіштері де төмендеген. Қаңтар–шілде айларында Қазақстан 26 мың тонна шырын импорттаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 22,9%-ға аз.
Ішкі нарықтағы сатылым 15%-ға төмендеп, 70,3 мың тоннаны құраған. Ал экспорт 2,4 есе қысқарып, 980,6 тоннаға дейін азайған.
Қазақстанға шырын жеткізетін негізгі ел – Ресей. Оның үлесіне импорттың 70%-ға жуығы тиесілі. Ал отандық өнімнің басты сатып алушысы – Қырғызстан.
Сұраныс аз, баға қымбат
Шырынға сұраныстың төмендеуі бағаның арзандауына әсер етпеген. Керісінше, 2026 жылдың қыркүйегінде шырын бағасы былтырғы сәйкес аймен салыстырғанда орта есеппен 9,7%-ға қымбаттаған.
Energyprom.kz сарапшыларының пікірінше, отандық өндірушілер үшін басты мәселе тек импорттық тауарлармен бәсекелестік емес, ішкі нарықтағы сұраныстың шектеулі болуы.
Сарапшылар қазақстандық өнімнің нарықтағы үлесі артқан күннің өзінде өндіріс көлемі міндетті түрде өсе бермейтінін айтады. Олардың пайымдауынша, саланы дамыту үшін өндірушілер тұтынушыларға бағасы қолжетімді әрі тартымды өнімдер ұсынуы қажет.