$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей шекарасында 160-қа жуық жүк көлігі кептелісте тұр

Жағдай үнемі бақылауда.

Мемлекеттік кірістер комитеті Ақтөбе облысындағы «Жайсан» автокөлік өткізу пунктінде Ресей Федерациясы бағытында келе жатқан 160-қа жуық жүк көлігі жиналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ресей тарапында жөндеу жүріп жатыр

Жағдай Ресейдің «Сагарчин» өткізу пунктінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты. 4 қыркүйектен бастап Ресей тарапы жол төсемін ауыстыруда, осыған байланысты көлік құралдарының қозғалысы бір жолақ бойынша кері режимде ұйымдастырылды. Бұл өткізу қабілеттілігін шектейді және шекара арқылы көлік жылдамдығына әсер етеді.

Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жайсан» өткізу пунктінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде және Ресей тарапының қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, автокөлік құралдарының қозғалысын жеделдету жөнінде шаралар қабылдауда.

«Жайсан» бекетіндегі жағдай бақылауда

«Осы мақсатта өткізу пунктіндегі жұмыс күшейтілді, көлік ағындарын реттеу және оларды жақын маңдағы өткізу пункттеріне ішінара қайта бөлу ұйымдастырылды, ағымдағы өткізу қабілетін ескере отырып, электрондық кезектегі слоттардың саны түзетілді. Жүргізушілермен тікелей өткізу пунктінің алдында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп жазылған хабарламада.

Жағдай үнемі бақылауда. Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылардан маршруттарды жоспарлау кезінде ағымдағы жағдайды ескеруді сұрайды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button