Қазақстан майлы дақыл экспорттаушылардың ірі сегіздігіне енді
Қазақстан агроөнеркәсіп саласында шикізат өндіруші модельден терең өңдеуге өтуге талпынып жатыр. Бұл ел экономикасын әртараптандырып қана қоймай, 30 жылдан бері толық игерілмей жатқан аграрлық әлеуеттің игілігін көруге мүмкіндік беретін стратегиялық қадам деуге болады. Үкімет ауыл шаруашылығында өндірістен бастап терең өңдеуге дейінгі толық тізбекті қалыптастыруға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл – Қазақстан талай жылдан бері меже етіп қойғанмен қол жеткізе алмай келе жатқан белес. Енді осы мақсатқа саланы цифрландырып, жаңа технологиялар мен өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы жетпекші.
Биыл көктемгі егіс науқаны мен күзгі ораққа ғана 1 трлн теңге бөлініп отыр. Оның 300 млрд теңгесі техниканы лизингпен алуға бағытталған. Диқандарға жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлінбек.
Қазақстандағы өзен сулардың 40 пайызының бастауы көрші елдерде жатыр. Соған қарамастан әсіресе ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу деңгейі әлі де төмен. Осы кемшілікпен күрес аясында 2030 жылға дейін 1,3 млн гектар суармалы жерді су үнемдеу технологияларымен қамту жоспарланған. Бұл үшін 2026-2028 жылдары 228,2 млрд теңге бөлініп отыр. Қазірдің өзінде суармалы алқаптардың үштен бірінен астамы осы технологиялармен қамтылып, өткен жылы 847 млн текше метр су үнемделген.
Инфрақұрылымды жаңғырту да қатар жүріп жатыр. Былтыр 700 шақырым су арнасы қайта жөнделсе, биыл тағы 986 шақырымы жөндеу көрмек. Елдегі 74 гидротехникалық құрылысты тексеру жоспарланып отыр. Ислам даму банкі қаржы бөлетін жобалар аясында 550 шақырымнан астам суару желісі күрделі жөндеуден өтіп, 34 мың гектардан астам жер тұрақты сумен қамтамасыз етіледі деген меже қойылған.
Биыл Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған ірі өнеркәсіп кешені іске қосылады. Жаңа зауыт жыл сайын 3 млн тонна жүгері өңдеуге қауқарлы. Қазақстан бидайымен танымал болса, кейінгі жылдары өсімдік майының нарығында да салмақты ойыншыға айналып келеді.
Соңғы үш жылда күнбағыс майы өндірісі 2,5 есе, экспорт көлемі шамамен 5 есе артқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ірі 10 экспорттаушының кіріп, 8-орынға көтерілді. Жылдық табыс – 562 млн доллар. Осымен тоқталмай, экспорт көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

“Қазақстанда өндірілген өсімдік майына әсіресе Қытай мен Орталық Азия елдерінде, Еуропада сұраныс жоғары. Сондықтан еліміз алқаптардың бір бөлігін ақырындап майлы дақылдарға ауыстырып жтыр, – дейді экономист Сапарбек Жобаев.