Жаңалықтар

Полиция балалар қауіпсіздігіне қатысты 16 мыңнан астам заң бұзушылықты тіркеді

Қазақстанда өтіп жатқан «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы аясында 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Алдын алу шаралары кезінде қараусыз және панасыз жүрген 1969 жасөспірім де полиция назарына іліккен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Акцияның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жол-көлік оқиғаларынан жарақат алуын азайту.

7 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды

Ауқымды профилактикалық шараға 7 мыңнан астам полиция қызметкері, мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысып жатыр.

Акция басталғалы 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Құқық қорғау органдары әсіресе балалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз үйден тыс және ойын-сауық орындарында жүруіне, кәмелетке толмағандарды көлікпен тасымалдау талаптарының сақталуына ерекше назар аударуда.

Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауы, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сату фактілері бақылауға алынған.

Алдын алу жұмыстары барысында қараусыз және панасыз жүрген 1969 жасөспірім анықталды.

Мектеп маңындағы жолдарға қатысты 2290 нұсқама берілді

Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының маңындағы жолдар мен жол инфрақұрылымының жағдайы да тексерілген. Нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты мекемелерге 2290 нұсқама берілді.

Полиция жүргізушілерді мектептер мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында жылдамдықты төмендетіп, барынша мұқият болуға және балаларды көлікпен тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Ата-аналарға жаңа оқу жылы басталғанға дейін баласымен бірге үйден мектепке дейінгі қауіпсіз бағытты тағы бір рет жүріп өтіп, жол қозғалысы ережелерін түсіндіру ұсынылды. Ал балаларға жолдан өтер кезде телефонға алаңдамау және қозғалыстың қауіпсіз екеніне толық көз жеткізу қажеттігі ескертілді.

«Балалардың қауіпсіздігі – барлығымызға ортақ жауапкершілік. Ересектердің басты міндеті – әрбір баланың үйіне аман-есен оралуы үшін барлық қажетті шараны жасау», – делінген үндеуде.

Back to top button