Жаңалықтар

Партияларға үндеу: Нұрлан Әбдіров мүгедектігі бар адамдардың құқығын ескеруге шақырды

Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси партияларды үгіт іс-шаралары мен материалдарын әзірлеу барысында көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ескеруге шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысып жатқан саяси партияларға үндеу жасағым келеді. Конституциялық сайлау құқықтарының іске асырылуы сайлау процесінің барлық кезеңінде, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін де қамтамасыз етілуге тиіс. Саяси партияларды осы талаптарды ескеруге шақырамын. Бұл сайлаушылармен кездесулер өткізілетін орындарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жария іс-шараларды сурдоаудармамен сүйемелдеуге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға партиялардың сайлау алдындағы бағдарламаларымен толық танысуға мүмкіндік беретін қолжетімді форматтағы үгіт материалдарын пайдалануға қатысты. Барлығымыз мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетеміз деп сенемін», – деп Нұрлан Әбдіров саяси партияларға үндеу жасады.

Құрылтай сайлауына 7 партиядан 546 кандидат ұсынылды. Құрылтайға жеті партия кандидаттарын ұсынды.

Жалпы кандидаттар саны – 546 адам. Оның ішінде:
• «Әділет» партиясы – 186;
• Respublica партиясы – 76;
• Қазақстан халық партиясы – 72;
• «Ауыл» партиясы – 69;
• «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63;
• «Байтақ» жасылдар партиясы – 47;
• Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 33 кандидат ұсынды.

ОСК хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін сайлау жарнасы 15 ең төменгі жалақы, яғни 1 275 000 теңгені құрайды.

Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.

Back to top button