Метроны әуежайға дейін созу үшін Алматы әкімдігі 30-дан астам жерді сатып алады

Алматы әкімдігі метроның екінші желісін салу жобасы аясында 30-дан астам жер телімі мен жылжымайтын мүлік нысанын мемлекет қажетіне сатып алады. Тиісті қаулыға қала әкімі Дархан Сатыбалды қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжатқа сәйкес, мемлекет қажетіне алынатын жер учаскелері мен нысандар Медеу және Түрксіб аудандарының аумағында орналасқан. Олардың басым бөлігі Құлжа тас жолы бойында, Нұршашқан шағынауданында, сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайы маңында және «Дехан» өндірістік кооперативі аумағында орналасқан.
Әкімдік жерді мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару рәсімін 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасына меншік иелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен өтемақы төлеу міндеті жүктелді.
Жоба бойынша метроның екінші желісі қаланың орталығын Алматы халықаралық әуежайымен байланыстырады. Жаңа бағыт «Жібек жолы» станциясынан басталып, әуежайға дейін созылады. Алдын ала жоспарға сәйкес, желінің ұзындығы шамамен 14 шақырымды құрайды және оның бойында 8 жаңа станция салынады.
Бұл жоба Алматының көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі бастамалардың бірі саналады. Жаңа метро желісі қала тұрғындары мен жолаушылардың қатынасын жеңілдетіп, әуежайға қоғамдық көлікпен қатынауды айтарлықтай жақсартуы тиіс.