«Мені алып кететін шығар» дегелі 20 күн өтті – Вьетнамдағы блогер Қамза тағы желіге шықты
Блогер ҚМА таратқан ақпараттың мән-жайы қалай болғанын айтып берді
Желіде көрінбей кеткен блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан видео түсіріп, өзінің “ұсталғаны” жайлы ақпараттың мән-жайын түсіндіріп айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ол бұл жолы өзін “ұсталды” деп БАҚ-та тараған ақпарат жөнінде пікір білдірді.
“Маған жазғандардың 90 пайызы “брат, сені ұстады емес пе, қалай құтылып кеттің? Әлде залогпен бостандықта жүрсің бе?” деп сұрайды. Қысқасы, осыдан екі ай бұрын 1 наурызда үйде жатқан жерімде үйге Вьетнамның иммиграциялық полициясы келеді. Менің паспортымды тексерту керек деп алып кетеді. “Шақырамыз” дейді. Екі күннен кейін шақырады – барамын. Екі сағат сұрақ қойды. Не істеп жүрсің, не жұмыс істейсің дегендей сұрақтарға жауап бердім. Содан кейін “паспортыңды әзірге бере алмаймыз, бірақ шақырамыз” дейді. “Шақырамыз” дегеннен бастап ұйықтап кетті ғой”, – дейді ол.
Қайсар Қамза арада екі ай өткеннен кейін, 20 күн бұрын Қазақстанның жаңалықтарынан өзін “ұсталды” деген ақпаратты оқығанын көріп, таңғалғанын айтты.
“Ол кезде мен үйде жатқанмын. Неге ондай жаңалық шыққанын мен түсінбедім. Сондай жаңалық шықса, бүгін келіп алып кететін шығар деп ойладым. Сөйтіп, үйде мотивациялық видеоларды көріп жатқанмын ғой. Сөйтсем ешкім жоқ. Ойладым, мүмкін бүгін қолдары тимеген шығар дедім. Ертеңінде жоқ. “Бүгін келіп қалады-ау” деп жүрген кезде 20 күннен асып кетті ғой. Экстрадиция бірдеңе болып жатыр дейді. Соның бәрі біткеннен кейін әкетеді дейді ғой”, – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) блогер Қамза Қайсар Бақытжанұлы Вьетнамда ұсталғанын хабарлаған еді.
Полицияның мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде онлайн-казинолардың жарнамалық бейнематериалдарын жүйелі түрде жариялап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартқан.
Заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті 100 млн теңгеден астам көлемде заңсыз табыс тапқан. Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған.