Мемлекеттік қызметшілердің айлығы өседі
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы мен ілеспе құжат мақұлданды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СЕНАТОР НЕ ДЕЙДІ
Жаңа заң 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын орындау мақсатында әзірленген.
Сенатор Евгений Больгерттің сөзінше, жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтегі білікті салалық мамандардың тапшылығын толтыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мемлекет ұсынатын қызметтердің сапасы мен азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қанағаттану деңгейін арттыруға, осылайша азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік аламыз, – деді сенатор.
АТАЛҒАН ЗАҢДА ТАҒЫ НЕ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Бұл заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, кәсіби мамандарды ұстап қалуға бағытталған шаралар қарастырылған. Мәселен, олардың жалақысы кемінде үш жылда бір рет индекстеліп, нарыққа байланысты көтеріледі.
Сонымен қатар, еңбек демалысына ақы төленетін қосымша күндер қосылады. Оның ұзақтығы мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне байланысты: 10 жыл болса – үш күн, 15 жыл болса – бес күн, 20 жыл болса – он күн қосымша демалыс қарастырылған.