TOP-2Жаңалықтар

Маңғыстауда Бекет ата жерасты мешітіне кеткен үш адам із-түссіз жоғалып кетті

Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін байланысқа шықпай қалған үш адам іздестіріліп жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, тікұшақтар мен арнайы техника жұмылдырылған. Еріктілер өңір тұрғындарын, әсіресе дрон иелерін іздеу жұмыстарына қосылуға шақырып отыр, деп хабарлайды Lada.kz.

Әлеуметтік желіде 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенованың 2 шілде, бейсенбі күні мемлекеттік тіркеу нөмірі 010 FZA 12 болатын Great Wall маркалы автокөлікпен Бекет ата жерасты мешітіне қарай жолға шыққаны туралы ақпарат тарады.

Олар соңғы рет сол күні шамамен сағат 16:15-те Бекет ата жерасты мешітінің аумағынан WhatsApp арқылы бейнежазба жіберіп, байланысқа шыққан. Содан кейін олармен байланыс үзіліп, қайда жүргені әзірге белгісіз.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, қазір ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, жоғалғандардың жүрген жерін анықтау үшін полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мамандары, сондай-ақ басқа да жедел және бейінді қызметтер жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстарына тікұшақтар, арнайы техника және қажетті құрал-жабдықтар тартылған. Іздеу бірнеше бағыт бойынша бір мезгілде жүргізіліп, барынша көп күш пен құрал жұмылдырылып отыр.

Қазіргі таңда барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, жоғалған азаматтардың жүрген жерін мүмкіндігінше тезірек анықтау үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдап жатыр.

Еріктілер де өңір тұрғындарына үндеу жасап, іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуге шақырды. Әсіресе, аумақты әуеден барлауға көмектесе алатын дрон иелері шұғыл түрде қажет екені айтылды.

Іздеу жұмыстарына қосылуға немесе қандай да бір көмек көрсетуге дайын азаматтардан үйлестіруші Нұрланға +7 (701) 770-76-86 нөмірі арқылы хабарласу сұралады.

Back to top button