Бизнесмен Қозбақов «Қайсар» футбол клубын сатып алды
Қызылорда облысының «Қайсар» футбол клубы 30 қазаннан бастап ресми түрде «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
КЛУБТЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТПАҚ
Бұл туралы мұның алдында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы өкілдері хабарлады. Көпшілікке белгілі, биыл Мемлекет басшысы өз Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдетуді тапсырған болатын. «Қайсарды» жеке меншікке беру жұмысы осы тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Басқарманың баспасөз қызметі мәліметінше, клубты дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып, академия мен инфрақұрылымға 12 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған.
«Қайсар» – легионерлерден толық бас тартып, жаңа маусымды жергілікті ойыншылармен бастаған елдегі алғашқы клубтардың бірі. Биылғы маусымда команда 22 ұпай жинап, турнир кестесінде 11-орынға ие болды және Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды, – делінген хабарламада.