Көкқайнардағы қуанышты күн: Шу ауданында заманға сай спорт кешені ашылды

Жуырда Жамбыл облысы Шу ауданы Көкқайнар ауылында шағын спорт кешені ашылды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС демеушілігімен салынған жаңа спорт нысанында ауыл балалары күрес және бокс үйірмелеріне қатыса алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге барған аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
“Спорт – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған басты саласы. Себебі баршамызға салауатты өмір салтын қалыптастыру міндеті жүктелген. Осы мақсатта елді мекендерде спорттық сауықтыру кешендері көптеп салынуда. Соның бірі еліміздің ірі кәсіпорын көмегімен Көкқайнар ауылында ашылып отыр. Баршаңызға құтты болсын айтып, осы жерден олимпиада чемпиондары шығуына тілектеспіз,-деді Н. Айдарханұлы.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына «Қазақмыс Холдинг» компаниялар тобының Өңірлік даму департаментінің директоры Медет Дүйсембаев пен өңірлік даму департаментінің Қорлық әріптестік және демеушілік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Таңатар ізгі ниеттерін білдірді.
Бірқатар ауыл қариялары да бұл жайтқа қуанышты екенін айтып, демеуші компанияға алғыстарын ақтарды. Қазақтың жолы мен жоралғысына сәйкес құрметтілерге шапан жабылып, қошемет көрсетілді. Содан кейін спорт кешенінің лентасы қиылып, жиналған қауым ішке енді.
Ауылдағы спорт – бала болашағына салынған инвестиция
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және балалар үшін спорт үйірмелерінің қолжетімділігін арттыруға айрықша мән беріп келеді. Президент Қазақстан халқына Жолдауында:
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр», – деген еді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы балалардың спорт үйірмелеріне қатысу мүмкіндігі кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, әрі қарай жалғастыру қажеттігін айтты. Президент бұқаралық спортқа жұмсалатын қаржыны азаматтардың денсаулығы мен жасампаздық әлеуетін арттыруға бағытталған пайдалы инвестиция деп бағалайды.
Көкқайнар ауылында ашылған шағын спорт кешені – осы міндеттің елді мекен деңгейінде жүзеге асуының нақты көрінісі. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 26,5 мың спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл пайдалануға берілген 34 жаңа нысанның 21-і ауылдық жерде орналасқан. Бұған қоса, жыл соңына дейін тағы 87 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Жаңа кешен ең алдымен ауыл балаларының спортпен тұрақты айналысуына жол ашады. Бұған дейін күрес немесе бокс секциясына қатысу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр болған балалар енді өз ауылында жаттыға алады. Бұл ата-аналардың жол шығынын азайтып қана қоймай, баланың уақытын тиімді пайдалануына және жаттығудан қол үзбеуіне мүмкіндік береді.
Күрес пен бокс баланың күш-қуатын, төзімділігін, шапшаңдығы мен қимыл үйлесімділігін дамытады. Сонымен бірге тәртіпке баулиды, жеңіске деген жігерін шыңдап, өзіне деген сенімін арттырады. Білікті бапкердің жетекшілігімен жүргізілген жүйелі жаттығу жасөспірімге қарсыласын құрметтеуді, эмоциясын бақылауды және жауапкершілікті сезінуді үйретеді.