Жыл басынан бері 356 мың адам жеке кәсібін жапқан: бұл нені білдіреді
Қазақстанда тоғыз айда 356 мың жеке кәсіпкер тіркеуден шыққан.
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 356 мың жеке кәсіпкер тіркеуден шыққан. Ал осы кезеңде 242,3 мың жаңа жеке кәсіпкер тіркелген, алайда тіркеуден шығу бизнестің толық тоқтағанын білдірмейді. Кәсіпкерлердің бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ретінде қызметін жалғастырған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кәсіпкерлер неге тіркеуден шығып жатыр?
Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 34,7 мыңы – заңды тұлғалар, ал 242,3 мыңы – жеке кәсіпкерлер.
Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер тіркеуден шыққан. Осылайша, тіркеуін тоқтатқан жеке кәсіпкерлер саны жаңадан тіркелгендерден 113,7 мыңға көп болған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл көрсеткіштерге бұрын табыс таппаған кәсіпкерлер де, салық режимін өзгерткен азаматтар да әсер еткен.
«Жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің іс жүзінде тоқтағанын білдірмейді. Тіркеуден шыққан 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6 пайызы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режиміне көшіп, қызметін жалғастырған. Осылайша, бизнес құрылымы оңтайланып, кәсіпкерлер өздеріне қолайлы салық режимдеріне ауысып жатыр», – деді Жұманғарин.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі алғаш рет салық есебіне тұрған
Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режимі бойынша 981 мың адам тіркелген. Олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрған.
Серік Жұманғариннің бағалауынша, бұл азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығып, қызметін заңды түрде жүргізуіне жағдай жасалып жатқанын көрсетеді. сондай-ақ, министр экономикалық өсімді қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Оның айтуынша, алдағы уақытта инфрақұрылым құрылысына және экономиканың нақты секторын қолдауға бөлінген бюджет қаражатының уақтылы әрі толық игерілуіне ерекше назар аударылады.