Ер Төстіктің хикаясы есіңізде болар. Сынаққа толы сапарда қасына Таусоғар, Желаяқ, Саққұлақ, Көлтаусар секілді ерекше қабілетті серіктерін ертіп, мұратына жететін еді ғой. Бірі тау қопарады, бірі желмен жарысады, бірі алты қырдың астындағыны естісе, тағы біреуі көлденең кездескен айдынды бір ұрттап сарқиды. Ертегінің философиясы да осында – Төстік шаруаның бәрін жалғыз атқаратын супер қаһарман емес, әр істің жөнін білетін адамды тауып, бір мақсатқа жұмылдыра білетін кейіпкер.
Ерзат Дулаттың жолынан да осындай қасиетті көруге болады. Алматыдағы физика-математика мектебінде алған білімін университетке түспей-ақ, өз бетімен жетілдіретін батылдығы Ер Төстіктің сегіз ағасы қайтпаған сапарға жалғыз аттанғанындай тәуекелі мол іс болатын. Tizgin.kz бұл мақалада қазақ баласы $5,4 млрд бағаланған компанияны қалай құрғанын оқырманға әңгімелеп беруді жөн көрді.
Өз сұхбаттарында ол физикадан олимпиадаларға дайындалып жүріп елдегі университеттер беретін бакалавр деңгейіндегі білімді меңгергеніне сенімді болған. Сол үшін де бағдарламалау, жоғары математика, компьютерді дерек арқылы машықтандыру салаларын өз бетімен зерттейді. Жасанды интеллект бүгінгідей жұрт аузындағы тақырыпқа айналмай тұрған кезде осы саланың ішіне бойлап кірді. Кейін қасына керек адамдарды тауып, солармен бірге әлемдік нарыққа шығатын өнім жасады.
Бүгінде ол құрған Higgsfield компаниясының бағасы – $5,4 млрд.

17 тамызда компания $400 млн көлеміндегі жаңа инвестиция алғанын жариялады. Осы раундтан кейін Higgsfield-тің бағасы сегіз ай бұрынғы $1,3 млрд көрсеткішінен төрт еседен астам өсіп, $5,4 млрд-қа жетті. Компанияның жылдық табыс қарқыны $700 млн-ға өссе, пайдаланушылар саны 30 млн-нан асты.
Физикаға қызыққан бала
Ерзаттың технологияға әуестігі мектеп қабырғасынан басталды. Ол Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқыды. Физика олимпиадаларына қатысты. Нақты ғылымдарға ерте ден қойды. Физикада формула жаттап алу аздық етеді. Оның қалай шыққанын түсіну керек. Құбылыстың ішкі байланысын табу керек. Бір қарағанда бөлек тұрған құбылыстардың арасынан заңдылық іздеу керек. Кейін компьютердің деректерден машықтануын зерттегенде осы ойлау жүйесі Ерзатқа кәдеге жарады. Мектеп бітірген соң ол университетке түспеді. Бұл шешім кейін оның өмірбаянындағы ең көп айтылатын деректің біріне айналды. Бірақ Ерзат білімнен бас тартпаған еді. Керісінше, білім алудың өзіне ыңғайлы жолын таңдады.

Интернеттегі курстарды оқыды, ғылыми еңбектерді ақтарды, бағдарлама жазды, ашық кодты жобалармен жұмыс істеді.
Компьютердің көп деректің ішінен заңдылық тауып, сол арқылы нәтижесін жақсарта алатынына қызықты.
Бүгінде бұл саланы жұрттың бәрі machine learning деп біледі. Қазақша айтқанда – деректен машықтану. Ерзат сол машықтанатын жүйелермен ЖИ мүмкіндіктеері көпшілікке танымал болмай тұрып-ақ айналыса бастады.
Бүгін ЖИ қолданысқа алынбаған сала аз. Мәтін жазады. Сурет салады. Бейне жасайды. Код құрастырады. Ал он шақты жыл бұрын жағдай мүлде басқа еді.
ChatGPT жоқ. Генеративті бейне жоқ. Жасанды зерденің қарапайым пайдаланушыға арналған құралдары жоқтың қасы. Бұл тақырып негізінен зертханалар мен технологиялық компаниялардың ішінде жүрді. Ерзат дәл сол кезде салаға баспен кірді. Бағдарламалау мен деректен машықтанудан бастап, кейін Web3, блокчейн секілді жаңа технологияларға қызықты. Өзінің технологиялық көзқарасын қалыптастырды. Бұл тақтайдай тегіс жол болған жоқ. Соның бәрінен өтіп барып Higgsfield компаниясын құрды.
Сенімді серіктес
Алекс Машрабов бұған дейін Snapchat-тың иесі саналатын америкалық Snap компаниясында генеративті ЖИ бағытын басқарған. Оның өзі құрған AI Factory стартабын Snap 2020 жылы $166 млн-ға сатып алған. Кейін ол Snap-та My AI және толықтырылған шынайылық құралдарын дамытуға қатысқан

Ал Ерзат – инженер, зерттеуші, технологияның ішкі құрылымына терең үңілетін маман. Бірінде технологиялық өнімді ірі нарыққа шығарудың тәжірибесі бар. Екіншісі технологияның өзегін жақсы біледі. Осылайша екі озық тәжірибе бір жерге жиналды. Бұл таныстық та кездейсоқ болмаған. Инвестор Ник Давыдов кейін Ерзатпен Қазақстанда кездескенін, оның техникалық қабілетіне қатты әсер еткенін жазды. Оның айтуынша, Алекс Қазақстанға барып, Ерзатпен бір апта бірге жұмыс істеп, содан кейін екеуі компанияны бастауға кіріскен.
Қазақстаннан жасақталған команда
Higgsfield-тің тағы бір ерекшелігі – ұжымынның Қазақстанға кіндігінен байланып жатқанында.
Ерзат 2025 жылы Назарбаев университеттегі кездесуде компания командасының 90 пайызы осы ЖОО түлектері екенін айтқан. Сол кезде компанияда шамамен 70 адам болған. Ол о баста Қазақстаннан әлемдік деңгейдегі мамандарды жинауға сақтықпен қарағанын, кейін ол күмәннің сейілгенін айтқан. Яғни Ерзаттың өзі университетте оқымағанымен, компаниясының инженерлік өзегіне жоғары білімді, мықты мамандарды жинады. ЖИ-мен, бизнеспен байланысты салаларды Таусоғарлары мен Саққұлақтарын командаға түгел топтастырды.
Higgsfield 2023 жылы құрылды. Алғашында компания генеративті бейне мен шығармашылық құралдарға ден қойды. 2025 жылы оның веб-нұсқасы іске қосылып, жасанды зерде көмегімен бейнені толық циклмен жасауға мүмкіндік беретін платформаға айнала бастады. Неге дәл бейне? Өйткені мәтін мен суреттен кейінгі үлкен майдан осы еді. Бір суретті жасау бір бөлек. Ал қозғалыстағы адамның түрін, дене қимылын, жарықты, камера бағытын, кеңістікті бір уақытта сақтау – әлдеқайда қиын. Higgsfield осы күрделі жерге кірді. Компанияның Cinema Studio секілді құралдары камера қозғалысын басқаруға, кинодағыдай көрініс жасауға мүмкіндік берді. Кейін платформа шығармашылық мамандармен қатар, жарнама мен маркетинг саласындағы компанияларға да бағытталды. Осы бұрылыс Higgsfield тарихындағы шешуші кезеңдердің бірі болды.
Fortune 500 қалай бағынды
Бастапқыда мұндай өнімнің негізгі пайдаланушысы контент жасаушылар болады деп күтілген. Бірақ компания біртіндеп басқа үлкен нарықты көрді. Бұрын мұның бәріне түсірілім тобы, дизайнер, монтаждаушы – тұтас бір агенттік керек болса, енді шаруаның көбін ЖИ жасайтын болды. Higgsfield осы мүмкіндікті бизнеске ұсынды. Осы айдың басына қарай компания құралдарын Fortune 500 тізіміндегі (АҚШ-тағы жылдық табысы ең жоғары 500 компанияның беделді рейтингі) 390 компания пайдаланып отырғанын БАҚ жарыс жазды. Пайдаланушылардың жалпы саны 30 млн-нан асқан.
Осылайша Higgsfield енді тек қарапайым пайдаланушыға арналған шығармашылық құралдан бизнеске күн сайын керек өнімге айнала бастады.
Higgsfield-тің қазіргі қарқынын түсіну үшін бір жыл бұрынғы көрсеткішіне қараса да жеткілікті. 2025 жылы компанияның жылдық табыс қарқыны шамамен $20 млн болған. 2026 жылдың тамызында $700 млн деп бағаланды. Бұл қазіргі табыс қарқыны бір жыл бойы сақталса, түсетін түсім көлемі осынша болады деген сөз. Компания енді корпоративтік өнімдерді жетілдіруге, қауіпсіздікке және есептеу қуатын арттыруға үш салмақ.

2025 жылы Higgsfield бағасы $1 млрд-тан асқан алғашқы қазақстандық жеке стартап ретінде танылды. 2026 жылдың қаңтарында компания $1,3 млрд-қа бағаландса, тамызда $5,4 млрд болды. Сегіз айдың ішінде бағасы төрт еседен астам өсті. 17 тамыздағы жаңа раундта компания $400 млн тартқанын айттық. Бұл раундқа DST Global бастаған инвесторлар, Goldman Sachs Alternatives, Tribe Capital, Intel Capital және бұрынғы инвесторлар қатысты. Бұл инвесторлардың компанияның келесі кезеңдегі өсуіне қойған бағасы.
Ертөстіктің келесі сапары
Ер Төстік ертегіде бір қиындықты жеңген соң келесісі алдынан шығады. Higgsfield-тің сапары да аяқталған жоқ. $5,4 млрд ақырғы меже емес. Компания одан әрі өсуге ниетті. Ерзат бұған дейін Higgsfield-ті бағасы $10 млрд-тан асатын компанияға айналдыру туралы мақсатын айтқан. Бүгінгі көрсеткіштерге қарағанда, ол межеге дейін әлі біраз жол жатыр. Осы тұрғыдан келсек, Ерзат Дулаттың өсу жолындағы ең қызық тұс оның университетке түспей-ақ $5,4 млрд тұратын компания құрғанында ғана емес. Ең қызығы – ол өзінің әлсіз жерін мықты адамдармен толықтыра білді. Технологияны өзі білді. Қасына нарықты білетін адамды тапты. Өнімді өзі түсінді. Бірақ оны үлкен аудиторияға жеткізетін мамандарды жинады. Командасы өскен сайын өз рөлін де өзгерте білді. Бір кезде компьютердің қалай машықтанатынын зерттеген инженер болса, кейін сол технологияның айналасына тұтас компания құрған кәсіпкерге айналды. Ерзат Дулаттың хикаясын Ер Төстік пен салыстыратынымыз да содан. Оның да қасындағы әр серігінің озық қабылеті болды.
Бірі – технологияға жетік.
Бірі – нарықты біледі.
Бірі – өнім жасайды.
Бірі – адамдарды соңынан ертеді.
Бірі – капиталға жол ашады.
Олардың әрқайсысы бөлек-бөлек үлкен күш. Бірақ бір мақсатқа жұмылған кезде ғана Higgsfield пайда болды. Қазір сол командалық жұмыстың құны – $5,4 млрд.
Ертегідегі Ер Төстіктің сапары мұратқа жетумен аяқталатын. Ал ЖИ әлемінің Ертөстігі әлі сапарда.