$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
TOP-2Спорт

Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегінің күні белгілі болды

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі үшін даниялық Якоб Банкпен кездеседі. Жекпе-жек 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жекпе-жек Копенгагенде емес, Хорсенсте өтеді

Кездесудің күні мен өтетін орнын даниялық Primetime Boxing промоутерлік компаниясы жариялады. Бұған дейін The Ring басылымы боксшылар 2026 жылдың желтоқсанында Копенгагенде жұдырықтасатынын хабарлаған еді. Алайда ұйымдастырушылардың мәліметінше, чемпиондық айқас келесі жылдың қаңтарына белгіленген.

Билеттер 28 қазанда сатылымға шығады. Ұйымдастырушылар бокс кешінің андеркардында өнер көрсететін спортшылардың тізімін алдағы уақытта жарияламақ.

Әлімханұлы жаңа салмақта чемпиондық белбеуге таласады

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақта алғаш рет жекпе-жек өткізеді. Қазақстандық боксшы жаңа салмақтағы алғашқы кездесуінде бірден әлем чемпионы атағына таласады.

Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде Астанада шаршы алаңға шығып, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген.

Осыдан кейін ол орта салмақтағы үшінші чемпиондық белбеу үшін Эрисланди Ларамен кездесуге тиіс еді. Алайда допинг дауына байланысты жекпе-жек өтпей қалды. Кейін қазақстандық боксшыға жарыстардан шеттету жазасы қолданылып, ол екінші орта салмаққа ауысты.

Бұл салмақта WBO белбеуін бұған дейін Хамза Шираз иеленген. Әлімханұлы міндетті үміткер болып тағайындалғаннан кейін Шираз титулынан бас тартқан. Енді бос тұрған белбеудің жаңа иесі Әлімханұлы мен Банк арасындағы кездесуде анықталады.

Back to top button