$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Без рубрики

Жаңаөзенде жеті айлық сәби желдеткішке саусағын салып жарақат алды

Жаңаөзенде жеті айлық сәби үйде металл желдеткіштен қолын ауыр жарақаттап, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның үш саусағы зақымданғанын анықтаған, деп хабарлайды Tizgin.kz травматолог-ортопед Нұрсұлтан Асқаровтың Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Сәбиге шұғыл хирургиялық көмек көрсетілді

Бала Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілген. Дәрігердің мәліметінше, сәбидің саусақтары үйдегі металл желдеткішке түсіп кеткен.

Тексеру кезінде қолдың екінші, үшінші және төртінші саусақтарының ұшқы бунақтары деңгейінде жарақат салдарынан үзілуі анықталған.

Дәрігерлер жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуден өткізген. Төртінші саусақтың ұшқы бөлігі болмағандықтан, тұқыл қалыптастыруға тура келген. Ал үшінші саусақ қолмен тек тері тіндері арқылы байланысып тұрған. Мамандар зақымданған жерді өңдеп, тігіс салған. Екінші саусақтың жарасы да өңделіп, тігілген.

Бала дәрігерлердің бақылауына алынды

Шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін сәби ем алу және дәрігерлердің бақылауында болу үшін травматология бөліміне жатқызылған. Стационардағы ем аяқталған соң да бала травматологтың бақылауын жалғастырған.

Нұрсұлтан Асқаров ата-аналарды баланың қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырды.

Back to top button