TOP-2Жаңалықтар

Жаңа мемлекеттік мереке: Қазақстанда жаңа демалыс күні пайда болды

2026 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Оның басты жаңашылдықтарының бірі – жаңа мемлекеттік мерекенің бекітілуі мен демалыс күнінің енгізілуі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

1 шілдеден бастап Қазақстанда 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция өз күшіне енді. Елде Конституция күнін мерекелеу күні ресми түрде өзгерді.

Енді 15 наурыз мемлекеттік мереке болып саналады. Тиісті норма жаңа Конституцияның 94-бабының 2-тармағында бекітілген.

“Республикалық референдумда Конституцияның қабылданған күні мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституция күні деп жарияланады”, – делінген құжатта.

Осылайша, 15 наурыз қазақстандықтар үшін жаңа демалыс күні болады.

Мереке күнінің өзгергенін бұған дейін министр Асқарбек Ертаев растады.

“Бізде жаңа Конституция 15 наурызда қабылданды. Бұл күн Конституция күні болады. Енді 15 наурызда тойлайтын боламыз”, – деп мәлімдеді министр.

Бұл ретте жыл сайын 30 тамызда атап өтілетін бұрынғы Конституция күні ресми түрде жойылды.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай 2026 жылы қазақстандықтар бұрынғыдай 30 тамызда демалмайтынын хабарлаған болатын.

Жаңа Конституция басқа да бірқатар өзгерістерді қарастырады. Атап айтқанда, екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмыс істейді, вице-президент лауазымы пайда болады, сондай-ақ заңнамалық бастама құқығы бар және республикалық референдум өткізуге бастамашылық жасау мүмкіндігі бар жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.

Back to top button