“Ештеңені өзгертпейміз”: Жұманғарин салық жүйесіне шағымданған кәсіпкерлерге жауап берді
Кәсіпкерлерге салық жеңілдігі беріле ме деген сұраққа Жұманғарин жауап берді
Кәсіпкерлердің шағымына қарамастан, салық жеңілдіктерін күтпеген жөн: Салық кодексі өзгермейтінін Үкіметте бүгін вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қадап айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Салық кодексі өзгере ме
Журналистердің бірі Жұманғаринге мамыр айында заңнаманы өзгерту жоспары жоқ екенін айтқанын еске салды. Сондай-ақ кәсіпкерлер салықтағы өзгерістерді бизнес үшін ең ауыр мәселелердің бірі деп атап отырғанын айтып, Үкіметтің неліктен өз шешімін қайта қарағанын сұрады.
«Менің білуімше, қазір реформа мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Біз мұндай мәселе көтеріп отырған жоқпыз және ештеңені өзгертуді жоспарлап отырған жоқпыз», – деді министр.
Жұманғариннің сөзінше, салық режимдерінің қазіргі құрылымы бизнестің кіммен жұмыс істейтініне қарай әртүрлі шарттарды қарастырады. B2B сегментінде, яғни басқа компаниялармен жұмыс істейтін кәсіпорындар жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданып, ҚҚС пен өзге де салықтарды төлеуге тиіс. Ал тұтынушылармен тікелей жұмыс істейтін бизнеске (B2C) арнаулы салық режимдері қарастырылған.
Министр кодексті бағалау үшін қанша уақыт қажет деп санайды
Алайда журналист кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексін қолдану кезінде кездесетін мәселелерін айтуды жалғастырды. Серік Жұманғарин бұған жауап ретінде кодекстің қолданысқа енгеніне небәрі тоғыз ай болғанын, сондықтан өзгерістер енгізу қажеттігі туралы айтуға әлі ерте екенін атап өтті.
«Келісіңіз, жұмыс істеп үлгермей жатып, негізгі баптарға өзгерістер енгізу барып тұрған ақылға қонымсыз әрекет болар еді», – деді ол.
Министрдің пікірінше, билік Салық кодексінің қалай жұмыс істейтінін бағалап, қандай өзгерістер шынымен қажет екенін түсінуі үшін ол кемінде бір жарым-екі жыл қолданыста болуы керек.