Дрондар, зымырандар мен әскери даярлық: Қазақстан армиясы қалай жаңарып жатыр
Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында қауіпсіздік мәселесі кез келген мемлекет үшін басты басымдыққа айналды. Әлем елдері Қарулы күштерін жүйелі түрде жаңғыртып, технологиялық тұрғыдан күшейтуге кіріскен. Tizgin.kz редакциясы осы ретте Қазақстан Қорғаныс министрлігінен Қарулы күштердің әр құрылымы қандай трансформациядан өтіп жатқанын сұрап көрді.
Құрлық әскері: маневр мен қуат
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан армиясының өзегі саналатын құрлық әскерлері бүгінде сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Негізгі назар – әскердің ұтқырлығын арттырып, техникасының қорғанысын күшейту және соққы беру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Кейінгі жылдары әскер заманға сай броньды техникалармен – БТР-82А, «Арлан», «Кобра» сияқты машиналармен күшейтілген. Бұл техникалар тек қорғаныс емес, жедел әрекет ету қабілетін де айтарлықтай арттырады. Артиллерия да жаңарып жатыр: дәлдігі жоғары зымыран жүйелері, радиолокациялық станциялар, оптикалық-электрондық кешендер және дрондар енгізілуде. Бұл – ұрыс алаңында нақты әрі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін фактор.

Сонымен қатар, ескі техникаларды жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүруде. Қазақстандық кәсіпорындар танктер мен жауынгерлік машиналарды толық модернизациядан өткізіп, оларды жаңа буын деңгейіне жеткізуге атсалысады.
Әуе күштері: дрондар дәуірі және жаңа авиация
Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері – ең қарқынды жаңарып жатқан бағыттардың бірі. Бүгінде армия құрамында заманға сай жойғыш ұшақтар, әскери-көлік авиациясы және ұшқышсыз жүйелер бар.
C-295 және A400M әскери-көлік ұшақтары әскер тасымалдауда, гуманитарлық миссияларда және халықаралық операцияларда тиімділігін дәлелдеген. Ал L-410 ұшақтары ұшқыштарды дайындаудың жаңа стандартын қалыптастырып отыр.

Ең басты тренд – дрондар. Skylark-1LEX және Anka сияқты ұшқышсыз аппараттар барлау жүргізіп, нүктелік соққылар жасауға мүмкіндік береді. Бұл – адам өмірін сақтай отырып, әскери тиімділікті арттырудың заманауи жолы.

Қазақстан бұл бағытта халықаралық серіктестікке де сүйенеді: Израиль мен Еуропа елдерімен бірлескен жобалар технология трансферін қамтамасыз етеді.
Елдің «қалқаны»
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі – ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды элементтерінің бірі. Қазіргі соғыс жағдайында қауіп көбіне аспаннан келетінін ескерсек, бұл бағыттың маңызы бірнеше есе артқан.

Қазақстан армиясы қанатты зымырандар мен дрондарға қарсы тұра алатын заманауи зениттік кешендермен жабдықталған. Ал отандық «Нұр» радиотехникалық жүйелері әуе кеңістігін толық бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл жүйелер радиоэлектрондық барлау және күрес құралдарымен біріктіріліп, көпқабатты қорғаныс жүйесін қалыптастырады.
Цифрландыру және қорғаныс өнеркәсібі
Заманауи армия – бұл тек қару емес, технология. Қазақстан Қарулы Күштері басқару жүйесін толық цифрландыруға көшіп жатыр.
Автоматтандырылған басқару жүйелері, цифрлық байланыс құралдары және арнайы бағдарламалық шешімдер енгізілуде. Мысалы, израильдік Elbit Systems компаниясымен бірлесіп радиобайланыс құралдары өндіріледі.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі де белсенді дамуда. «Қазақстан инжиниринг» базасында түрік, француз және еуропалық компаниялармен бірлескен өндірістер іске қосылған. Бұл – импортқа тәуелділікті азайтып, өз технологиялық базамызды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әскери-теңіз күштері: Каспийдегі қауіпсіздік
Қазақстанның теңіз флоты Каспийдегі ұлттық мүддені қорғауға бағытталған. Әскери-теңіз күштері зымыран кемелерімен, десанттық және арнайы катерлермен жабдықталған.

Бүгінгі күні ӘТК зымыран кемелерімен, десанттық және диверсияға қарсы катерлермен, сондай-ақ жауынгерлік және техникалық қамтамасыз ету кемелерімен жарақтандырылған. Сүңгуірлер мен арнайы бөлімшелерді даярлау құралдарын жаңарту, сондай-ақ кеме құрамын жөндеу және жаңғырту қатар жүзеге асырылып жатыр.
Техника қаншалықты заманауи болса да, оны басқаратын адам факторы шешуші рөл атқарады. Қазақстан әскері кәсіби кадрларды даярлауға ерекше мән беріп отыр.
Әскери қызметшілер халықаралық оқу-жаттығуларға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Олар жаңа техниканы меңгеріп, күрделі операцияларды орындауға қабілетті деңгейге жетіп келеді. Қазақстан қорғаныс саласында тек әскери емес, экономикалық және дипломатиялық факторларды да қатар ескереді. Қорғаныс өнеркәсібін дамыту, халықаралық серіктестік және экономикалық тұрақтылық – бәрі бір жүйеге біріктірілген. Бұл тәсіл армияның тек бүгінгі емес, болашақтағы қауіп-қатерлерге де дайын болуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Қарулы Күштері бүгінде сандық емес, сапалық трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Заманауи техника, цифрлық шешімдер және кәсіби кадрлар армияның жаңа келбетін қалыптасып келеді.