«Бір сәттік әрекет қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады
Кейде баланың ойланбай жасаған бір әрекеті ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Жолдан жүгіріп өту, жанжал кезінде күш қолдану немесе қауіпті затты қолына алу сияқты жағдайлардың соңы қайғылы оқиғаға ұласуы ықтимал. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балаларымен қауіпсіздік және өз әрекетінің салдары туралы жиі сөйлесуге шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бір сәттік әрекет қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін
Көлік бірден тоқтай алмайды, жанжал бір сәтте бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Ал «жай ғана» қолына алынған заттың өзі қарапайым жанжалды қайғылы жағдайға айналдыруы ықтимал. Одан кейін сол бір секундты қайтарып, басқаша әрекет ету мүмкін болмайды.
ІІМ не дейді
ІІМ күштің мәні тәуекелге баруда, соққыға соққымен жауап беруде немесе өзінікін дәлелдеуде емес екенін еске салды. Нағыз күш – дер кезінде тоқтай білу, бір қадам шегіну, арандатуға ермеу және өз әрекетінің салдарын ойлау.
Ата-аналарға кеңес
Ата-аналарға балаларымен осындай жағдайларды жиі талқылау ұсынылады.
Сонымен қатар:
- тек не істеуге болмайтынын түсіндіріп қоймай, оның қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін айту;
- эмоцияға берілмей тұрып шешім қабылдауға үйрету;
- баланың кімдермен араласатынын білу;
- оның эмоциялық жағдайына көңіл бөлу;
- өзімен бірге алып жүрген заттарына назар аудару маңызды.
Егер қандайда бір мәселе туындаса, дер кезінде көмекке жүгініп, жағдайды жасырмау қажет.