Бибісара Асаубаева Өзбекстан атынан өнер көрсете ме – вице-министр жауап берді
Спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан азаматтығынан бас тартып, халықаралық сайыстарда Өзбекстан, болмаса Ресей намысын арқалап шығуы мүмкін бе деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ АЙТТЫ
Оның сөзінше, қазір Бибісараға, әсіресе оның азаматтық ауыстыруына қатысты ешқандай мәселе жоқ.
«Ол өте атақты, әрі жоғары халықаралық деңгейге көтерілген спортшы. Бибісара Қазақстан тарихында алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанған», – дейді вице-министр.
«МАРАПАТЫН АЛАДЫ»
Естеріңізде болса, дәл осы шенеунік екі аптадан астам уақыт бұрын Астанада Бибісара көтерген мәселеге қатысты брифинг өткізіп, елдегі мықты спортшылар «еркелеп кетті» деп сынаған болатын. Ал бүгін вице-министр шахматшымен арадағы ақша дауы шешілгенін айтып отыр.
Одан бөлек, спорт министрлігінің 2025 жылғы желтоқсанда тағайындалған II дәрежелі «Барыс» орденін Асаубаеваға салтанатты түрде тапсыратыны мәлім болды. Бұған дейін шахматшы өткен жылғы мемлекеттік марапатты әлі алмағанын мәлімдеген.
«Бибісара жуықта Астанаға келіп, мемлекет беріп жатқан үлкен марапатын алады», – деді Жарасбаев.