Белсенді Құрал Сейітханұлының ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады

“Сарыағаш-информ” газетінің бас редакторы, журналист Амангелді Батырбеков белсенді Құрал Сейітханұлының ұсталғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Амангелді Батырбеков Түркістан қаласының полициясы әлеуметтік желіде шыншылдығымен, өткір жазбаларымен кең танылған қоғам белсендісі, С-ИНФОРМ газетінің Түркістан қаласындағы өкілі – Құрал Сейітханұлын қамауға алды деп жазды. Оның сөзінше, Құрал Сейітханұлы осыдан екі ай бұрын Ләззат Асанова деген төлебилік блогердің кезінде бопсалаумен сотталғаны жайлы деректер тіркелген пост жариялаған.
“Бірақ, ол дерек Құралға дейін де әлеуметтік желіде желдей ескен еді ғой, егер қателеспесем? Қысқасы, соған Ләззат Асанова жыны келіп, «маған қатысты құпия деректі жариялады» деп полицияға арызданып, қылмыстық кодекстің 147 бабының «Адамның жеке құпиясын құрайтын дербес деректердi оның келiсiмiнсiз масс-медиада заңсыз тарату нәтижесiнде сол адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру» деген 5 бөлігімен қылмыстық іс ашылып, тергеу жүріп, бүгін полиция Құралды ұстап алып қамады. Бір түсінбейтінім төлебилік блогер Ләззат Асанованың арызданғаны боп тұр. Түсінер едім, егер Ләззат Асанова бопсалаумен бұрын сотталмаған болса…” – дейді ол.
Журналистің жазуынша, Құрал Сейітханұлын қалай тергеу керек екенін, яғни, оған күзетпен ұстау, я үйқамақ, я кепіл, я ешқайда кетпеу хаттамасы деген бұлтартпау шараларының біреуін таңдауды, ертең тергеу соты шешеді. “Сот оны қамайды деп ойламаймын” дейді ол.
Құрал Сейітханұлы парақшасында алты сағат бұрын сториске бір сурет жариялаған. Ал полиция оның ісі жөнінде әзірге ақпарат таратқан жоқ.