Бас бәйге – 100 мың доллар: «Қала хикаялары» атты байқау жарияланды
Мәдениет және ақпарат министрлігі бас бәйгесі 100 мың долларды құрайтын «Қала хикаялары» бәйгесін жариялады. Адырна басылымына сұхбат берген Нұртөре Жүсіп бұл – қаламгерлер үшін үлкен мүмкіндік дейді.
Нұртөре Жүсіп не дейді
Мемлекет басшысының қолдауымен балалар әдебиетін дамытуға да бұрын-соңды болмаған қаржы бөлініп отырғандықтан, жазушыларға тек ауыл тақырыбымен шектелмей, заманауи қала қазағының тыныс-тіршілігіне батыл бет бұра алады. Бұл ретте кітап өткізу немесе сюжет таппай қиналуға еш негіз жоқ, өйткені бүгінгі қала өмірі мен оның тұрғындарының тағдыры – дайын тұрған шынайы тақырып.
Нұртөре Жүсіп заманауи шығармалардың басты кейіпкері ретінде Президент белгілеген цифрлы мемлекетті құрып жатқан жаңа буын IT мамандары мен жасанды интеллект өкілдерін көреді. Қаламгерлер арамызда жүрген осы жастардың ішкі әлеміне үңіліп, олардың заманауи болмысын әдебиетке арқау етуі тиіс. Сонымен қатар, қалалық ортаны жандандырып, ұлттық мерекелерді көпқабатты үйлердің ауласында бірге атап өту арқылы қазақы салт-дәстүрді бүгінгі қала мәдениетімен ұштастыру қажеттілігі де шығармаларда көрініс табуы шарт.
Байқаудың шарды қандай
Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқау проза жанрына арналған байқау қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа есімдерді анықтап, қолдауды көздейді. Байқауға қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем туындылар арқылы жеткізу ұсынылады.
Әдеби байқауға Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысу үшін көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ (бір авторлық баспа табақтың көлемі 40 мың баспа таңбасын құрайды) болатын, бұрын еш жерде жарияланбаған қала тақырыбындағы романдар қабылданады. Әр автор бір ғана шығармасын ұсына алады.
Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Байқау қорытындысы бойынша үздік шығармалардың авторлары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жүлделі орын алған туындылар 15 мың данамен басылып, еліміздің кітапханаларына таратылады.
Республикалық байқау ережесіне сәйкес, жеңімпаздарға мынадай сыйақылар белгіленген:
- Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;
- I орын – 75 мың АҚШ доллары;
- II орын – 50 мың АҚШ доллары;
- III орын – 30 мың АҚШ доллары.
Байқау жұмыстары 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында қабылданады. Құжат Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, 14-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мекенжайы бойынша өткізілуі қажет.
Байқауға қатысу шарттары туралы қосымша ақпаратты +7 (7172) 74 04 07 және +7 (7172) 74 04 08 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.