Балконға ілуге бола ма – мемлекеттік туды пайдалану тәртібі өзгерді
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қолдану қағидаларына өзгерістер енгізіліп, ұлттық стандартты сақтауға жіті мән берілетін болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ТАЛАП ҚАНДАЙ
Үкімет бекіткен жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік туы ғимараттарға 45 градус бұрышпен орнатылуы тиіс.
Құжатта мемлекеттік тудың көлеміне қарамастан, ол ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы керектігі нақтыланған. Белгіленген талаптарды бұзып дайындалған туды пайдалануға жол берілмейді.
КЕМІ ҮШ МЕТР БИІКТЕ БОЛУЫ ТИІС
Жеке тұрғын үй иелеріне де арнайы талаптар белгіленді. Енді олар мемлекеттік туды жерден кемі үш метр биіктікте орната алады. Сонымен қатар қараңғы түскенде туды міндетті түрде жарықтандыру керек деп талап алынды.
Үкімет қаулысында атап өтілгендей, енгізілген өзгерістер азаматтар мен ұйымдарға мемлекеттік туды патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті және ел жетістіктеріне қолдауды білдіру құралы ретінде кеңірек пайдалануға мүмкіндік береді.
МӘН-ЖАЙЫ
Биыл сәуір айында Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік туды пайдалану тәртібіне қатысты жаңа ережелер жобасын жариялаған болатын. Құжатта 2007 жылы қабылданған және мемлекеттік ту, елтаңба мен әнұранды қолдану тәртібін реттейтін қағидаларға өзгерістер енгізу ұсынылған.
Министрлік түсіндірмесінде бұл жоба Президент тапсырмасы негізінде әзірленіп, мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталғаны айтылған.