Жаңалықтар

Астанада баланың үстіне қаңылтыр құлап, құрылыс компаниясының өкілі жазаланды

Астанада қыз баланың үстіне қаңылтыр (профлист) құлап, оған медициналық көмек қажет болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға туралы Threads қолданушыларының бірі жазды. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарына байланысты тұрғындар аялдамаға жету үшін қоршаудың бойымен, көлік жүретін жолмен жүруге мәжбүр.

Нұра ауданының полиция басқармасы оқиға туралы ақпаратты растады. Нысан аумағын тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін құрылыс салушы компанияның өкілі – учаске басшысы абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұл құқық бұзушылық үшін 30-дан 100 АЕК-ке дейін, яғни 129 750 теңгеден 432 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Бала ауруханаға жеткізілді

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем зардап шеккен баланы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізген.

«Тексеруден кейін қажетті медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Балаға тиісті ұсынымдар беріліп, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді», – деп хабарлады басқарма.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button