Жаңалықтар

Асханаларға талап жаңарды, бірақ бұл кафе мен мейрамханаға әсер етпейді

Қазақстанда қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық талаптар күшейтіледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №34 бұйрығымен «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына өзгерістер енгізілген.

НЕ ӨЗГЕРДІ

Жаңа түзетулерге сәйкес, балалар санаторийлері мен сауықтыру ұйымдарының, сондай-ақ білім беру және тәрбиелеу нысандары асханалары мен түстену залдарының ауданына қатысты нормалар нақты бөлініп көрсетілген.

Ал кафелер мен мейрамханаларды қоса алғанда, қоғамдық тамақтану орындарының алаңына қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде сақталған.

ҚҰРЫЛЫС КОДЕКСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕР

Министрлік 2026 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексіне байланысты санитариялық қағидаларға редакциялық өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

Атап айтқанда, құжаттағы «сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер» деген тұжырым «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттар» деген жаңа редакцияға ауыстырылған.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Ведомство бұл өзгерістер тек техникалық және редакциялық сипатта екенін, яғни талаптарды күшейтуге бағытталмағанын нақтылады.

Осыған байланысты 2026 жылы 1 шілдеден бастап қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын талаптар қатаңдатылады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Back to top button