«Асарлату» акциясы: 215 шақырымнан астам арық тазартылып, 1150 ағаш егілді

17 қазанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен «Асарлату» іс-шарасына 50 283 адам қатысты. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде 384,5 тонна қоқыс шығарылып, 448,9 гектар аумақ тазартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Арықтар тазартылып, ағаштар егілді
Экологиялық шара барысында арық-атыздар мен суару каналдарын қоқыстан тазартуға басымдық берілді. Бұл жұмыстар су арналарының бітелмей, судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталды.

Тазалық жұмыстарына 249 техника жұмылдырылды. Қатысушылар жалпы ұзындығы 215,7 шақырым арықты тазартты. Сонымен қатар 1150 ағаш егіліп, 6206 ағаштың діңі әктелді.

Асар дәстүрі арқылы ортақ іске жұмылдыру
«Асарлату» бастамасы қоршаған ортаны тазартумен қатар, тұрғындарды елді мекендерді көркейтуге жұмылдыруды көздейді. Шараның негізіне жұрттың бірлесіп, бір-біріне қолғабыс етуіне құрылған асар дәстүрі алынған.

Бастаманың мақсаты — елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.