Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп түлектерінің ата-аналарынан ақша жинауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл тыйым және шектеу – тиісті министрліктердің шешімі. Соңғы 10 жылды алып қарасаңыз, 10 жылда қай министр жұмыс істеді – солардың бәрі осы шешімді қабылдады. Бұл шешім қаншалықты тиімді болды? Тыйым салуға болады, бірақ тыйым салумен көп мәселе шешілмейді. Мәселе тыйым салумен шешілетін болса – осы уақытқа дейін көп мәселе шешілетін еді», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Ол ата-аналар өздері ақылдаса отырып, коттеджді жалға алып, тіпті түрлі жағдайларға ұрынған кездері болғанын, сондықтан тыйым салудың жақсы жағы да, тәуекелі де бар екенін ескеруіміз керектігін айтты.
«Тәуекелдерге келетін болсақ: қымбат мейрамхана, қымбат лимузиндерді жалдап, соның салдарынан жол апаттары болуы мүмкін екеніне көңіл бөлмей қоюға болмайды. Жақында маған ата-аналар түлектер кешін ұйымдастыру үшін 500 мың теңгеден жинап жатқаны туралы хат келді. Одан да көп теңге жинап жатқан ата-аналар бар. Бұл – әр отбасының қалтасы көтеретін қаражат емес. Мұны мектеп мәжбүрлеп жатқан жоқ, ата-аналардың өздері өздері отыратын чаттарға жазады. Біреуі бастайды, қалғаны – қостайды. Біреуінің қалтасы көтереді, біреуінің қалтасы көтермейді. Кей азаматтар, тіпті, той жасайды. Оқушының мектеп бітіруімен өмір бітіп қалмайды, бұған рационалды түрде қарауымыз керек», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, мектеп түлектері мектеп қабырғасында соңғы қоңырау өткізеді, вальс билейді, ұстаздарына әдемі тілек айтады – мұны ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ.
«Мұндай шара болады, министрліктердің меңзеп отырғаны – басқа мәселе. Мектеп түлектері ата-аналарының қадағалауынсыз коттедж жалдап кетіп қалса – не болады? Бұл мектептің ғана мәселесі емес. Өткен жылдары мұғалімдер мейрамхананы күзетіп жүрген оқиғаларды көрдік. Артық қыламыз деп тыртық қылып алмауымыз керек», – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram