Жаңалықтар

ШҚО-да 70 мың тонна кен заңсыз өндірілген: «AK Metal» ЖШС басшысы сотталды

Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы Д.К. Бектеміров заңсыз кен өндіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оның құны 1 млрд теңгеден асатын мүлкін мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Барлауға берілген лицензиямен кен өндірген

Тергеу мәліметінше, компанияға берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат еткен. Алайда кәсіпорын зертханалық және технологиялық зерттеу жүргізуді желеу етіп, темір кені мен темір кені концентратын өнеркәсіптік көлемде өндірген. Кейін өнім Қазақстан аумағында және шетелде сатылған. Жалпы көлемі 70 мың тоннадан асатын кен заңсыз өндіріліп, оны сатудан түскен қылмыстық табыс 1 млрд теңгеден асқан.

Заңсыз кен өндіру қоршаған ортаға да зиян келтірген. Жұмыс жүргізілген аумақта топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген. Тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болып, аумаққа елеулі техногендік әсер тиген.

Қымбат көлік, пәтер мен жер телімдері тәркіленді

Тергеу дерегіне сәйкес, сотталған адам заңсыз жолмен тапқан қаражатына бірқатар қымбат актив сатып алған. Олардың қатарында Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай және екі тұрақ орны бар. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі жер телімі де мемлекет кірісіне тәркіленді. Тәркіленген мүліктің жалпы құны 1 млрд теңгеден асады.

Сот Д.К. Бектемировты бір жылға бас бостандығынан айырды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button