$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
TOP-2Жаңалықтар

Республика күні: қазақстандықтар қазанда қанша күн демалады

Қазақстанда 25 қазанда атап өтілетін Республика күніне орай тұрғындарға қосымша демалыс беріледі. Биыл ұлттық мереке жексенбіге сәйкес келгендіктен, демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша, бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2026 жылы Республика күні 25 қазанға, жексенбіге түсіп отыр. Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, ұлттық немесе мемлекеттік мереке апталық демалыс күнімен сәйкес келсе, демалыс келесі жұмыс күніне ауыстырылады, сондықтан биыл 26 қазан, дүйсенбі де демалыс күні болып белгіленген.

Республика күніне орай қанша күн демаламыз

Бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететін қазақстандықтар 24, 25 және 26 қазан күндері қатарынан демалады.

Атап айтқанда:

  • 24 қазан, сенбі – апталық демалыс күні;
  • 25 қазан, жексенбі – Республика күні;
  • 26 қазан, дүйсенбі – мерекеге байланысты ауыстырылған демалыс күні.

Осылайша, бес күндік жұмыс аптасы бойынша азаматтар 27 қазан, сейсенбі күні жұмысқа шығады.

Ал алты күндік жұмыс аптасымен еңбек ететіндер үшін 24 қазан, сенбі жұмыс күні болып саналады. Олар 25 және 26 қазанда екі күн қатарынан демалады.

Қазан айында барлығы неше демалыс күні бар

2026 жылғы өндірістік күнтізбеге сәйкес, қазан айында бес күндік жұмыс аптасында 21 жұмыс күні және 10 демалыс күні бар. Ал алты күндік жұмыс аптасы бойынша 26 жұмыс күні және 5 демалыс күні қарастырылған. Қазан айындағы негізгі ұлттық мереке – Республика күні. Мерекеге байланысты қосымша демалыс 26 қазанға ауыстырылған.

Республика күні неліктен 25 қазанда атап өтіледі

Республика күні – Қазақстандағы ұлттық мереке. Ол жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі.

Бұл күннің тарихи маңызы зор. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Аталған құжат Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы маңызды тарихи қадамдарының бірі болды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button