Orda.kz басылымы жұмысын толық тоқтататынын жариялады

Orda.kz интернет-басылымы 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмысын толық тоқтатады. Бұл туралы басылымның бас редакторы Анна Платонова редакцияның Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар да жабылады
Редакция таратқан мәлімдемеге сәйкес, шешім Orda.kz ақпараттық ресурсының өзіне ғана емес, басылымға тиесілі әлеуметтік желідегі барлық парақшаға, соның ішінде YouTube арнасына да қатысты.
«Құрметті оқырмандар! Orda.kz редакциясы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтатуға мәжбүр екенін өкінішпен хабарлайды. Негізгі ақпараттық ресурс пен редакцияға қатысты әлеуметтік желілердегі барлық аккаунт, соның ішінде YouTube арнасы да жабылады», – делінген Анна Платонова жариялаған мәлімдемеде.
Редакцияның хабарлауынша, басылым қызметін тоқтату туралы шешімді Ordamedia.kz ЖШС құрылтайшысы әрі бірінші басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.
Редакция жабылу себебін атады
Orda.kz өкілдері басылымның жабылуына қаржылық жағдай себеп болғанын мәлімдеді. Редакция бұл шешімнің астарында өзге себеп жоқ екенін арнайы атап өтті.
«Қабылданған шешімнің ешқандай астары жоқ: редакцияның табысы оның жұмысын қамтамасыз етуге жетпейді. Қазіргі жағдайға алып келген басқа себеп жоқ. Редакция өз міндеттемелерін толық орындау үшін бар күш-жігерін салады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Orda.kz қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын басылымның жабылуына қатысты ақпарат таратқанда редакцияның ресми мәлімдемелеріне ғана сүйенуге шақырды.
Осылайша, Orda.kz 1 қыркүйектен бастап ақпарат таратуды тоқтатып, сайт пен редакцияға тиесілі әлеуметтік желідегі ресурстардың жұмысын доғарады.