Геосаясат

Мәскеуде генералдың туған күнінде жарылыс болды

Мәскеудегі Кудрин алаңындағы ресторанда болған жарылыстан үш адам қаза тауып, кемінде 15 адам жарақат алды. Бұл туралы Ресей ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты

Ресейдің Ұлттық терроризмге қарсы комитетінің мәліметінше, 1 тамыз күні сағат 19:55-те Мәскеудің Кудрин алаңындағы мейрамханада қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылған.

Оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан:

  • мейрамханаға күмәнді зат алып кірмек болған әйелді тоқтатқан күзет қызметкері;
  • әлгі әйелдің өзі;
  • мейрамхана қонақтарының бірі.

Тағы 21 адам түрлі деңгейде жарақат алған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Нысана жеке кештің қонақтары болған

«Коммерсант» басылымының мәліметінше, шабуылдың мақсаты – италиялық Balzi Rossi мейрамханасының верандасында өткен жеке шараның қонақтары болған. Осы дерек бойынша Ресей Қылмыстық кодексінің 205-бабы («Террористік акт») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Басылымның жазуынша, кеш қатаң күзетпен өткендіктен, адам шығынының бұдан да көп болуына жол берілмеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, мейрамханаға қонақтарға арналған сыйлық салынған қорапты жеткізіп келген әйелді күзетші тоқтатып, қорапты тексермек болған. Дәл сол сәтте жарылыс болған. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылған болуы мүмкін. Сондай-ақ курьер қораптың ішінде не барын білмеуі ықтимал деген болжам қарастырылып жатыр.

Жарылыс кезінде курьер әйел, оны тоқтатқан күзет қызметкері және верандада отырған қонақтардың бірі қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылғыш құрылғының қуаты бір килограмм тротилге тең болған және оның ішіне металл шариктер салынған.

Ресейлік БАҚ: Нысана генерал Александр Чайко болуы мүмкін

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, шабуылдың ықтимал нысанасы Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы, генерал-полковник Александр Чайко болған. Ақпаратқа сәйкес, ол сол күні туған күніне арналған мерейтойлық кеш өткізіп жатқан. 27 шілдеде генерал 55 жасқа толған.

Back to top button