Бұрынғы әйелімен соттасқан әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген үш жылға сотталуы мүмкін

Блогер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айып бойынша сотта жауап беріп, әлеуметтік желіде бұрынғы әйелі Фариза Алмасқызына қатысты жарияланған жазбалардың бір бөлігінің авторы емес екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, парақшаларына өзге адамдардың да кіру мүмкіндігі болған, соның ішінде бұрынғы жұбайының інісі аккаунттардың біріне қол жеткізген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Іс Алматы облысының Қарасай аудандық сотында қаралып жатыр. Жақсыгенге көрінеу жалған ақпарат таратуға байланысты айып тағылған.
Бұрынғы жұбайына қатысты жазбалар сот талқысына түсті
Істің қозғалуына Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы мен оның туыстарына қатысты әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар мен пікірлер себеп болған. Сотта қаралып жатқан эпизодтардың арасында әйелдің ар-намысы мен беделіне қатысты даулы мәлімдемелер бар. Атап айтқанда, әлеуметтік желіде Фариза Алмасқызының «боди-қызмет көрсететіні» туралы ақпарат, сондай-ақ оның өзі мен туыстарына қатысты басқа да жазбалар тараған.
Жақсыген мұндай жарияланымдардың барлығын өзі жазғанын мойындамайды. Соттағы жауабында ол өзінің атынан ашылған жалған парақшалар болғанын, сондай-ақ аккаунттарына бөгде адамдардың қол жеткізуі мүмкін екенін айтқан.
Блогердің сөзінше, дауға арқау болған парақшалардың біріне кезінде бұрынғы әйелінің інісінің де кіру мүмкіндігі болған. Сонымен бірге ол аккаунттарының бұзылуы ықтимал екенін алға тартты. Осылайша, қорғау тарапы үшін істегі негізгі мәселелердің бірі — даулы жарияланымдарды нақты кім орналастырғанын және олардың авторлығын анықтау.
Кейбір жазбалардың авторы екенін мойындады
Сонымен қатар Нұрсұлтан Жақсыген әлеуметтік желіде жарияланған барлық жазбадан бас тартқан жоқ. Ол балаларымен кездесуге және оларды көруге қатысты кейбір хабарламаларды өзі жазғанын мойындаған. Қазір блогер үйқамақта отыр.
Сот Жақсыгенді кінәлі деп таныған жағдайда оған айыппұлдан бастап қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Айыпталушының кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады. Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.