Қазақстанда жаңа мемлекеттік мереке пайда болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова депутат Кенжеғұл Сейітжанның сауалына берген жауабында 1 маусым күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

«Балаларды қорғау күнін» мемлекеттік мереке ретінде белгілеу бастамасын бұған дейін депутат көтерген еді. «Халықаралық балаларды қорғау күні» дәстүрлі түрде 1 маусымда атап өтіледі.  Бұл күні көптеген елдерде балалардың өмірін жақсартуға бағытталған қайырымдылық акциялары өткізіледі, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету тақырыбындағы маңызды және өзекті мәселелер талқыланады, бүкіл әлем балаларының алдында тұрған өткір проблемалар көтеріледі.  Балалардың өздері үшін 1 маусым демалыстың басталуымен, демалу, көңіл көтеру, қызықты істермен айналысу мүмкіндігімен байланыстырылады.

Дәстүр бойынша, бұл күні ата-аналар балаларды аттракциондар саябағына, ойын орталықтарына серуендеуге апарады және жалпы мерекелік көңіл-күйді ұйымдастырады. Аталған мереке ата-аналар мен балаларға бірлесіп уақыт өткізуге, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл баланың жақсы психоэмоционалды жағдайда отбасының жанында толық қауіпсіздікті сезінуіне әсерін тигізеді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сонымен қатар елімізде отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында «Балаларды қорғау күнін» 1 маусым күні мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді мүмкін деп санаймыз, – дейді Жақыпова.

МЕРЕКЕ ЖАЙЛЫ

Қазақстан мен басқа да бұрынғы Кеңес елдерінде 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде тойланады. Бұл күн алғаш рет әлемде 1950 жылдан бастап аталып өтеді. Қазақстанда да дәл сол жылдан бастап рәсімделіп, жыл сайын үлкен мерекелік шаралармен мерекеленеді.