Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев депутаттардың сауалынан кейін шалғай ауылдарды жоғары жылдамдықты спутниктік интернет қалай жеткізілетінін атап көрсетті, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
КІМДЕР КӨМЕКТЕСЕДІ
Көшербаевтің жауабына сәйкес, қазір шалғай елдімекендегі білім беру ұйымдарын интернетпен қамтамасыз етуде «Starlink» спутниктік интернет желісі пилоттық жобасы (1674 мектеп қосылды) іске асырылып жатыр.
Оған қоса ауылды елді мекендерді жоғары жылдамдықты спутниктік интернетке қосу үшін Еуроодақтан берілетін грант шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін 328 ауылдық елді мекендерді спутниктік Интернетке қосу жоспарлануда. Оның үстіне байланыс саласындағы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 2039 мектепті қамтитын 3010 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жоспарланған. Жалпы бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында, — дейді Көшербаев.
МӘСЕЛЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ӨЗЕКТІ
Қазақстанда ауылдарды интернетпен қамту ісі өзекті мәселелердің бірі. Цифрландыру бағытында елде түрлі бағдарлама іске асырылып жатқанымен, шалғай ауылдарда әлі күнге дейін тұрақты интернеттің болмауы тұрғындардың ақпаратқа, білімге, цифрлық қызметтерге қол жеткізуін шектейді.
Ұлттық статистика бюросы деректеріне сүйенсек, қала тұрғындарының 90 пайыздан астамы интернетке қосылса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 75 пайыз шамасында. Алайда бұл – техникалық қамтылу деңгейі ғана. Шын мәнінде, көп ауылда интернет жылдамдығы өте төмен, кей жерде тек мобильді байланыс арқылы ғана қолжетімді. Мәселен, онлайн білім алу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану немесе банктік операцияларды жүргізу мүмкін болмай қалады. Мұндай жағдай әсіресе оқушылар мен мұғалімдерге, ауыл кәсіпкерлеріне кері әсер етіп отыр.