ҚБФ бас хатшысы Мерей Ақшалов ноунейм шетелдік боксшылардың елге шақырылуына қарсы шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов YouTube-тағы «Бірінші бол» арнасына берген сұхбатында елімізде ұйымдастырылатын жекелеген бокс кештерінің мән-мағынасына күмән келтіріп, өз ұстанымын ашық айтты.
Қазақстанда түрлі жекпе-жектер өтіп жатады, бірақ шынымды айтсам, мен тек інім Мейірімнің және бұрынғы командаласым Данияр Елеусіновтің жекпе-жектеріне ғана барамын. Данияр қай жерде жұдырықтасса да, өзі шақырады, сондықтан барамын. Қалғаны қызықтырмайды, – деді Ақшалов.
Ол сондай-ақ рингтегі кейбір әрекеттерге таңданысын жасырмады:
Кейде бірінші раундта-ақ нокаутқа түсіреді. Үндістаннан келгендерді жеңіп, артынша Туды шығарып, елдің алдында мақтана бастайды. Мен бұған мүлде таңғалам. Өзің Қазақстанда тұрып, не үшін ту алып шығасың? Америкада жұдырықтасып жатсаң бір сәрі. Ал мұнда ту көтеріп, «мен мынандаймын, анандаймын» деп айғайлаудың еш мәні жоқ, – деді ол.
Айта кетейік, 5 сәуірде Астанада өткен кәсіби бокс кешінде басты жекпе-жекте WBO/IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен француз Анауэль Нгамиссенге кездескен болатын.