Астанада өткен тақырыптық зерттеу нәтижелеріне арналған сарапшылар кездесуінде ЛГБТ-контенттің балаларға әсері және Қазақстанда енгізілуі мүмкін заңнамалық өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі Informburo-ға сілтеме жасап.
Іс-шара барысында Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова елде ЛГБТ үгіт-насихатынан да маңызды мәселелер бар екенін айтты. Kazakhstan Kids Online зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, балалардың 11,1%-ы бейтаныс адамдарға жеке суреттері мен видеоларын жіберген. Ал ұл балалардың 12%-ы және қыз балалардың 10%-ы тек әлеуметтік желіде сөйлесіп, шынайы өмірде бұрын көрмеген адамдармен бетпе-бет кездескен.
— Балалар зорлық-зомбылыққа, жеке деректерін пайдалануға, денсаулыққа зиян келтіру сияқты қауіп-қатерлерге ұшырап жатыр. Мен қоғамға, БАҚ-қа тағы бір мәрте үндеу жасаймын: кәмелетке толмағандарға қатысты ЛГБТ насихатынан гөрі, мемлекеттің назарын аударуы тиіс бала құқықтарын қорғау саласындағы әлдеқайда маңызды мәселелер бар, — деді Оспанова.
Сонымен қатар, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 89%-ы ЛГБТ үгіт-насихатына заң жүзінде тыйым салу қажет деп санайды. Жауап бергендердің жартысы мұндай контенттің өскелең ұрпақ үшін қауіпті екенін айтса, әр төртінші адам оның қаупі төмен деп есептейді. Ал 19%-ы мұндай насихаттың балаларға ешқандай қауіп төндірмейтінін жеткізген.