Қазақстанда дрондарды заңсыз қолданғандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Қазақстанда пилотсыз ұшу аппараттарын (ПҰА) заңсыз құрастырып, қару ретінде қолдану қатаң бақылауға алынып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына ресми берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда ПҰА-лардың қолжетімділігі артып, олардың түрлі салада – ауыл шаруашылығынан бастап, логистика мен қауіпсіздікке дейін кеңінен қолданылуы заңсыз әрекеттерге жол ашып отыр. Соған байланысты Үкімет құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің ресурстарын осы салаға жұмылдырып, бақылау мен қадағалауды күшейтіп келеді.

«Пилотсыз жүйелерді реттеу және дамыту мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бұл ретте құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге және инновацияларды енгізуге, соның ішінде оларды қауіпсіз қолдану үшін стандарттарды әзірлеу мен жағдай жасауды назарда ұстаймыз», – деді Олжас Бектенов.

Қазір құқық қорғау органдары арнайы және өзге де мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, ПҰА-ны заңсыз құрастырып, қару ретінде қолданғандар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты шараларды әзірлеп жатыр. Бүгінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 563-бабының 3-бөлігі бойынша, ПҰА-ны заңсыз пайдаланғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК айыппұл салынады. Егер осы бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі тиісінше 15 және 25 АЕК-ке дейін өседі, ал дрон тәркіленеді.

«Біз құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін электронды бақылау құралдарын кеңінен енгізіп жатырмыз. Бұл – қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау жолындағы маңызды қадам», – деді премьер-министр.

Қорғаныс министрлігі өз кезегінде ПҰА ұшуларын реттеу мен бақылау тетіктерін жетілдіруде. UFZ (арнайы ұшу аймақтары) және UARU (мемлекеттік күзеттегі объектілер үстіндегі шектеу аймақтары) секілді бақылау аймақтары белгіленуде.