Шерзат Полат кісі қолынан мерт болған түні сотталушылармен бірге «Қамажай» дүкенінің алдына келген, кейін сотта қорғануға құқығы бар куәгер ретінде жауап берген Эльмира Нұрбекова белгілі адвокат Джохар Өтебековтің үстінен шағым түсірді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
Бұл жөнінде адвокат журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында айтты.
НҰРБЕКОВА НЕ ҮШІН АРЫЗ ТҮСІРДІ
Адвокат Джохар Өтебеков бұған дейінгі сұхбаттарында Эльмира Нұрбекова жайлы ештеңе айтпаған. Сол себепті оның не себепті арыз түсіргенін де түсінбеген.
Арызды өз қолымен жазған. Меніңше, бұл шағымды Нұрбекова полиция қызметкерінің бірінің өтінішімен түсіріп отыр. Өйткені ол өзі полицияның «жаргондарын» түсінбейді. Шағымды қарасаңыз, «анықтама үшін», «өз қолыммен жазылды» деген сөздер, заңгерлердің тілімен жазылғаны байқалады. Ең қызығы, Нұрбекова ханым полицияны, прокуратура мен әділ заңды қорғап, «сіз соларға қысым көрсетіп, сол арқылы жалған ақпарат таратып отырсыз» дегендей сипатта келтірген. Не себепті Нұрбекова олардың адвокаты бола қалғанына таңым бар. Әйелді өз мақсаттарына пайдаланып жатқан сыңайлы, — дейді адвокат.
ШЕРЗАТ ПОЛАТ СОТЫ
Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына қатысты 5 маусымда сот үкімі шықты. Судья Ержан Жанұзақовтың басшылығымен өткен тыңдауда 9 айыпталушыға әртүрлі жаза тағайындалды. Негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл адам өлтіру, бұзақылық және қылмысқа дайындалу мен оқталу баптары бойынша 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған айыпталушылар да әртүрлі баптар бойынша 1,5 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олар арасында Равиль Сакиев 20 жыл, Азамат Тоқтаубаев 15 жыл, Нұрқияс Ильясов 9 жыл, ал басқалары 7 жыл және 1,5 жылға дейін жазаланды.
Сот барысында куәгерлердің жауабы, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар, сот-медициналық сараптамалар мен заттай құжаттар мұқият қаралды. Прокурорлар айғақтардың жеткілікті екенін айтып, айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Қылмыстық іс екі айға созылған сот тыңдауларымен аяқталып, әр айыпталушыға өз жазасын берді. Шерзаттың отбасы 600 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен, ол талап ішінара қанағаттандырылды.
Судья Ержан Жанұзақов Эльмира Нұрбекова бастаған төрт куәгерді (екеуі қорғануға құқығы бар куәгер) полиция қайта тергейтіндей жеке қаулы шығарды.