Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында адвокат Мейірман Шекеев мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
Мейірман Шекеевтің сөзінше, Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі қайта қаралатын апелляциялық отырыс биыл 18 тамызға белгіленген. Сот Алматы облыстық сотының ғимаратында қаралады.
Сонымен қатар, осы іс бойынша сотталғандардың бірі — жасөспірім Думан Ысқақ жазасын өтеп, бостандыққа шыққан.
Үкім
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған.
Биыл 5 маусымда Талғарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі шегіне жеткен. Сотта төрелік еткен судья Ержан Жанұзақовтың үкімімен: Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды. Равиль Сакиев 20 жыл, Шыңғыс Белғожаев 7 жыл; Дархан Әскентай 7 жыл, Нұрқияс Ілиясов 9 жыл (бұрынғы 2,5 жылға шектеу жазасын қосқанда); Нұрбол Тоқтаубаев 7 жыл, Азамат Тоқтаубаев 15 жыл (бұрынғы жазасын бірге қосқанда), Дидар Қалиахмет 7 жылға, кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыстық кодекстің 434-бап (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) 1,5 жылға сотталды. Оның изолятордағы бір күні екі күн ретінде есептеледі.