Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтату жөнінде келісімге келді

Таиланд пен Камбоджа шекарадағы шиеленістен кейін атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бұл жөнінде Малайзия премьер-министрі Әнуар Ибрагим мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.

Бұған дейін Куала-Лумпурда тараптар бейбітшілік жөнінде келіссөздерді өткізген болатын. Кездесуге Камбоджа үкіметінің басшысы Хун Манет пен Таиландтың премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтхам Вечайчай қатысқан.

Кездесудің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Әнуар Ибрагим тараптар 24 сағат ішінде атысты тоқтатуға уағдаласқанын айтты.

Бұған дейін Ресейдегі Камбоджа бойынша жетекші сарапшы, РАН шығыстану институтының Оңтүстік-Шығыс Азия орталығының басшысы Дмитрий Мосяков NSН-ге берген сұхбатында Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы қақтығыс кең ауқымды әскери әрекетке ұласуы екіталай екенін айтқан болатын. Сарапшының пікірінше, қазір Оңтүстік-Шығыс Азияда ешкімге үлкен соғыс қажет емес.