Сәкен Бибосынов елдегі басты қарсыластарын атады

Қазақ боксшысы Сәкен Бибосынов «Спорт Министрі» YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстан құрамасындағы ішкі бәсекелестік туралы айтып, Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.

Сәкен Бибосынов 2024 жылғы Азия чемпионатында (Чиангмай, Тайланд) ауыр жарақат алып, ота жасатқан. Алайда ол рингке сәтті оралып, биыл сәуір айында Хабаровскіде (Ресей) өткен Константин Коротков атындағы халықаралық турнирде жеңіске жетті.

Жігіттер таяуда Голландияға аттанды. Одан кейін Астанада өтетін Әлем кубогы бар. Бұл жарысқа ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшылары қатысады. Артынша ең маңыздысы – Ливерпульде өтетін World Boxing ұйымының әлем чемпионаты. 55 келі салмақта еліміздің намысын кім қорғаса да мен жанкүйер боламын. Қайсысы барса да – Махмұд, Нұрсұлтан, Бағлан, Тимур Қабдешов бәрі де лайық, шын жүректен қолдаймын, — деді Бибосынов.

«Егер бұл мүмкіндік Сізге бұйырса қалай?» деген сұраққа ол былай жауап берді:

Бұл мен үшін бақыт болар еді. Жай ғана бара салуға болмайды, нәтиже көрсету керек. Біздің елде 55 келі салмақ дәрежесінде өте мықты боксшылар жиналған, бәсеке жоғары. Меніңше, қай жерде бәсеке болса — сол жерде өсім бар.