АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің саяси серіктесік болған миллиардер Илон Масктан көңілі қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
ТРАМП НЕ ҮШІН РЕНЖІП ЖҮР
Мен Илонға қатты ренжідім. Оған көп көмектескен едім. Ол [салық] заң жобасының ішкі механизмін бұл жерде отырғандардың кез келгенінен жақсы білді. Бұған дейін ол үшін еш қиындық болмаған. Бірақ кенет оған бұл заң жобасы жақпай қалды. Ал электромобильдерге берілетін жеңілдіктерді қысқартқымыз келетінін естіген соң, бұл мәселені одан әрі ушықтырып жіберді, – деді Дональд Трамп.
Илон Маск жауапсыз қалған жоқ. Трампты «өтірік айтып отыр» деп мәлімдеді.
Айтқаны өтірік. Маған бұл заң жобасын ешкім көрсеткен жоқ. Ол түн ортасында соншалықты жылдам қабылданды, Конгресте ешкім оны оқып үлгермеді, – деп жазды Маск X желісінде.
ОЛАРДЫҢ АРАСЫ НЕГЕ СУЫДЫ
Кезінде Дональд Трамп пен Илон Масктың саяси байланысы таңғалдыратын. Бірі консервативті ұрандармен билікке келген миллиардер-президент, екіншісі технологиялық жаңашылдықтың символына айналған кәсіпкер. Алайда бұл екеуін ортақ мүдде, дәлірек айтқанда, бизнес пен салық саясаты тоғыстырды.
Трамп билігі тұсында Маскқа тікелей немесе жанама түрде тиімді бірнеше шешім қабылданды. Әсіресе, салық кодексіне енгізілген өзгерістер Tesla мен SpaceX секілді ірі технологиялық компанияларға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етті. Маск та бұл кезде Трампқа қатты қарсы шыққан жоқ – тіпті оның кеңес алатын бизнес элита өкілдері қатарында болды.
Алайда арадағы жылымық көпке созылмады. Құрама Штаттарда электромобильдерге берілетін салық жеңілдіктерін қысқарту мәселесі көтерілген сәтте Маск нақты позициясын білдіріп, Трампқа қарсы шықты. Ал Трамп болса, Маскты «Illoyal», яғни опасыз деп атауға дейін барды. Оның айтуынша, Маск заң жобасының мазмұнын жақсы білген және бастапқыда оған қарсы болмаған. Маск бұған жауап ретінде Трампты өтірікші деп айыптап, заң жобасын ешкім көрсетпегенін, құжат түн ішінде асығыс қабылданғанын айтты.
Бұл текетірес екеуінің идеологиялық ұстанымдарының қайшылығын емес, прагматикалық мүдделер тоғысының әлсірегенін көрсетті. Саяси достық тұрақты құндылық емес екені, ал мүдде тоғысы үзілген жерде достықтың да ғұмыры қысқа болатыны анық байқалды.