АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы бітімге қатысты ультиматум мерзімін 50 күннен 10-12 күнге дейін қысқартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі ВВС арнасына сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, ол Ресей президенті Владимир Путинге қатты көңілі қалған.
«Мен бұдан былай әңгімелесуге мүдделі емеспін», – деді Трамп Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармермен Шотландияда өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында.
Журналист Трамптан Путинмен жеке кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынас пен Украинадағы бітімге ықпал ете ала ма деп сұраған еді. АҚШ президенті бұған дейін Путинмен бірнеше мәрте сөйлескенін, бірақ соған қарамастан Ресейдің Украинаға шабуылын жалғастырып жатқанын айтты.
Сондай-ақ Трамп Путинге кеңшілік жасап, Украинадағы қақтығысты шешу үшін 50 күн бергенін мәлімдеді. Егер осы мерзім ішінде прогрес болмаса, Ресеймен сауда жасайтын мемлекеттерге қарсы «өте қатаң тарифтер» енгізетінін ескертті.
«Мен енді бұл ультиматумның мерзімін қысқартпақшымын. Менің ойымша, бүгіннен бастап 10-12 күн болады», – деді Трамп журналист әйелдің сұрағына жауап беріп.
Қазіргі таңда Кремль Трамптың бұл мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берген жоқ.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Трамптың «күш арқылы бейбітшілікке жетуді көздеген нақты ұстанымы үшін» алғыс білдірді.
«Путин тек күштіні сыйлайды – ал бұл өте анық әрі нық мәлімдеме», – деп жазды Ермак X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін дүйсенбі күні Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков Путин мен Трамптың мүмкін болатын кездесуіне дайындық жүріп жатпағанын айтқан. Бірақ егер екі президент бір қалада болса, кездесу ұйымдастыруға болатынын жоққа шығармады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұған дейін Ресей мен АҚШ басшыларының кездесуін Ыстанбұлда ұйымдастыруға күш салатынын айтқан еді.
Трамп пен Путин соңғы рет шілде айының басында телефон арқылы сөйлескен. Сол кезде-ақ Трамп әңгімеге риза болмай, Путиннің бейбіт келісімге ұмтылып отырғанына күмән келтірген.
Шілде айының ортасында Трамп Ресейге 50 күн ішінде Украинадағы қақтығысты шешуді талап етіп, әйтпесе Ресеймен сауда жасайтын барлық елдерден АҚШ-қа тауар әкелуге 100 пайыздық баж салығы салатынын мәлімдеген. Ол кезде де Трамп Путинге көңілі толмайтынын ашық айтқан болатын.
Сондай-ақ Трамп Украинаға миллиардтаған доллар көлемінде әскери техника берілетінін айтты. Вашингтон жоғары сапалы қару-жарақ шығарып, оны алдымен НАТО-ға береді, содан кейін альянс бұл қаруды «қажет жерге» жөнелтетінін жеткізді.
Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жетекшісі Кая Каллас АҚШ президентінің Ресейге қатысты қатаң позициясын құптағанымен, 50 күндік ультиматумды «тым ұзақ» деп бағалады.
«Трамп мырзаның Ресейге қатысты ұстанымы – өте оң қадам. Бірақ 50 күн – бұл тым ұзақ уақыт. Өйткені олар күн сайын бейбіт тұрғындарды қырып жатыр», – деді Каллас.
Бұған дейін Франция, Германия, Ұлыбритания және Польшаның көшбасшылары Киевке сапары кезінде Мәскеуге: «Оқ атуды тоқтатыңдар, әйтпесе қатаң санкциялар салынады» деген талап қойған.
Ал Путин бұған жауап ретінде Ыстанбұлда Украинамен «тікелей келіссөздер» жүргізуді ұсынғанымен, өзі сол келіссөзге бармаған. BBC қауіпсіздік мәселелері бойынша тілшісі Фрэнк Гарднердің айтуынша, сол кезде келіссөзге Владимир Зеленский қатысқан, оған Трамп тіпті «қатысуға бұйрық берген» көрінеді.