Астанада орналасқан Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы жай ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті деп аталады, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
КІМ ӨЗГЕРТЕДІ
Үкіметтің «жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі туралы ережені бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу жөніндегі жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатты қоғамдық талқылау 18 шілдеге дейін жалғасады.
ТАРИХЫ
Аталған жоғары оқу орнының атауынан Қазақстанның тұңғыш президентіне қатысты тіркестің алынатыны 2023 жылы белгілі болған. Сенат депутаттары қорғаныс университетінің атауын өзгерту туралы ұсыныс білдірген еді. Бұл – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның күшін жоюымен байланысты шара.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті — Қазақстан Қарулы Күштері мен басқа да арнайы мемлекеттік органдар үшін офицерлер құрамын даярлайтын жоғары әскери оқу орны. Университет 2003 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған, ал 2018 жылы оның есімі берілген болатын.
2023 жылғы ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты Елбасы мәртебесінен және осы мәртебе негізінде оған және оның отбасына берілген барлық артықшылықтардан айыратын заңға қол қойды. Бұған дейін Назарбаев «Құрметті сенатор» атағынан айырылған еді.
Сондай-ақ, Назарбаев өз есімімен аталған мектептер, университет және қорлардың жоғары кеңесінің басшысы мәртебесінен айырылды. Мәдениет саласындағы стипендия енді оның атымен аталмайды. Дегенмен, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні болып қала берді.
НАЗАРБАЕВ 85 ЖАСТА
2025 жылғы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 85 жасқа толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұңғыш президентін мерейтойымен құттықтап, ел тарихындағы оның маңызды рөлін атап өткен-тін.