Педагог мәртебесі туралы заңды бұзғандарды шағым болмаса, жазаламайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Әбілхатин үкіметте осылай деді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі Informburo-ға сілтеме жасап.
Маусым айының басында Қостанай әкімі Марат Жүндібаев мұғалімдерді су айдындарын күзетуге тарту туралы ұсыныс жасаған болатын. Оқу-ағарту министрлігі мен еңбек министрліктері бұл бастаманың заңсыз екенін бірнеше рет мәлімдегенімен, мұғалімдер жағажайда кезекшілікке шығарылған. Кейін оқу-ағарту министрлігі педагогтар тарапынан ешқандай шағым түспегенін, сондықтан жауапты тұлғалар жазаға тартылмағанын хабарлады.
Ерболат Әбілхатиннің айтуынша, еңбек инспекциясы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Жоспардан тыс тексерулер тек азаматтардың шағымы негізінде ұйымдастырылады.
– Егер арыз түспесе, тексеру жүргізілмейді. Бұл – ең алдымен жұмыс берушілердің құқығын қорғау. Егер педагогтар тарапынан нақты шағым болса, онда еңбек инспекциясы мен тиісті органдар, оның ішінде прокуратура азаматтың құқығын қорғау үшін тексеру жүргізуге құқылы. Бірақ қайталап айтамын: ол үшін міндетті түрде ресми өтініш болуы қажет. Өтінішсіз мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпкерлікке араласуға тыйым салынған, – деді ол Үкіметтегі брифингте.
Сонымен қатар, ол бұл саладағы заңнамаға өзгеріс енгізу қазіргі уақытта қарастырылып жатпағанын айтты.
– Егер, шартты түрде айтқанда, өтініш болмаса, біз қалайша мектепті, мемлекеттік мекемені немесе жеке кәсіпкерді тексере аламыз? Ол үшін азаматтардың заң бұзушылық жөнінде нақты өтініші болуы тиіс, – деп түйіндеді Әбілхатин.